Кабардин-Балқар Республикасының аумағынан киіз үй пішіндес мың жылдан астам тарихы бар мазарлар табылды. Жергілікті тарихшылар бұл қорымдарды көшпенді халықтың жерлеу дәстүріне жатқызып отыр. Өлкетанушылар төрт жолдың тоғысындағы тау бөктеріне Дешті-Қыпшақ халқы он екінші ғасырда ойысқанын айтады. Ол уақытта Еділ мен Жайықтың бойындағы елге Шыңғысханның жорығы басталып, шарасыз халық батысқа жөңкіле көшкен еді. «Бабалар ізімен» экспедициясы Кавказ жерінде жаңа деректермен танысты.

 

ТЕНГИЗ МОКАЕВ ӨЛКЕТАНУШЫ:

 - Бұл аумаққа халықтың көп шоғырлануы сауда байланысын бір жолға қойды. Кавказ тауларына келуші, азық-түлік әкелуші керуендер көбейді. Оған әлі күнге дейін табылып жатқан алтын тиындар, тұрмыс заттары дәлел болады.

Бабаларымыздың Кавказ тауларында тұрақтап, өмір сүргеніне өткен шақтан белгі беретін мынадай құлпытастар айғақ. 12-14-ғасырларға жататын араб жазуымен қашалған мына ескерткіштер Қазақстан аумағында жиі кездеседі.

 

БИАСЛАН АТАБИЕВ АРХЕОЛОГ:

 - Біздің өткеніміз ортақ. Бүгінде әр түрлі мемлекетте тұрғанымызбен, шыққан тамырымыз бір. Ерте дәуірде басталған байланыстың енді үзілмей одан әрі жалғасатынына сенемін.

Балқарлықтардың қазақтармен қаншалықты жақын екенін білу үшін экспедиция мүшелері генетикалық сынама алды. Бұл екі ұлттың достығын одан ары арттыруға жаңадан жол салады дейді саяхатшы Сапар Ысқақов

Кавказ жерінде көшпенділер ізі бар екеннін Қарашай-Шеркеш республикасының аумағында табылған балбал тастар да дәлелдей түскендей. Солтүстік Кавказ аумағындағы мына түрік жауынгерінің ескерткіші оныншы-он екінші ғасырға жатады. Құнды жәдігердің табылуы Дешті-Қыпшақ елінің осы жерде де өмір сүргенін айғақтақтап тұр.

 

САПАР ЫСҚАҚОВ «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Оның жанында үлкен қала болған. Магаз қаласы. Оның жанында манастырь тұр. Басқа да археологиялық жұмыстар істелу керек ол арада. Соған мен айтар едім, егер біздің жас ғалымдар барып зерттесе көп нәрсені табуға болады.

Тау бөктеріндегі мына көне шіркеу де сол дәуірден бүгінге жеткен. Тарихшылар қазіргі қарашайлар түрік қыпшақтарынан тарайтынын, осылайша, олар біздің бабаларымызбен ағайын болғанын айтады.

 

АЛЬБЕРТ ДОТАЕВ, ТАРИХШЫ:

 - Солтүстік Кавказдағы қалалардың бәрінде ол уақытта алан, скиф, сақ, қыпшақтар да өмір сүрген. Яғни, түркі ұлттарының бәрі осы аумақта ортақ шаруашылықтарын жүргізген. Біздің қарашай ұлтының қазіргі тілі кодекс куманикус кітабында жазылған тілге 80 пайызға келеді. Бұл бәріміздің бір халық болғанымызды дәлелдеп тұр.

Қазақ пен қарашайдың салтты сақтауында ұқсастықтар жетерлік. Жаңа түскен келіннің бетін ашу, құданың табағына құйрық , бауыр салу, үлкеннің батасын алу секілді салттың бәрі біздікімен сәйкесіп жатыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер