ЕХРО қалашығы орналасқан 25 гектар аумақта қонақты қайран қалдыратын дүние көп. Күн сайын кешкі сағат тоғызда келушілер назарына тақырыптық парад ұсынылады. 150 артист, шамдармен әрленген костюмдер, әсерлі музыка – көрменің жұмыс күнінің шарықтау шегі осындай. 40 минут ішінде су, жел, күн, жер, табиғат – 5 элементті бейнелейтін электр көліктері, бишілер сап түзеп өтеді. Шеру музыкасын Францияның композиторы жазған.

 

АНДРЕ ЛОНКЛЕ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ КОМПАНИЯ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Музыка бұл шоу үшін арнайы жазылды. Артистерді таңдау оңай болмады. 300-ден астам өтініш түсті. Сәуір айында кастинг өткіздік. Айта кету керек, шоуға қатысушылардың барлығы қазақстандық бишілер. Ал биді қою үшін Париждегі Диснейлендте жұмыс істеген хореографты шақырдық.

 

АЙДОС ЖҰРҒЫНОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК» ДЕПАРТАМЕНТ БАС МЕНЕДЖЕРІ:

 - Ұйымдастурышы компанияны іріктеу оңай болған жоқ. Жарты жыл уақыт алды десек те болады. Соңында біздің көңілімізден шыққан, әлемдегі ең ауқымды шараларды ұйымдастырған компанияны таңдап алдық.

Қараңғы түсіп, павильондар жабылып жатса да, ЕХРО-ның келушілерге ұсынатын қызығы мол. Басты ғимарат – «Нұр Әлем» кешеніндегі лазерлік шоу ерекше әсерлі. 3 ай бойы өтетін көрмеге келген әр мейман әсем әуенмен әрленген ерекше көрініске куә бола алады. Көздің жауын алатын проекциялық лазерлік шоуды 20 адамнан тұратын мамандар тобы 6 ай бойы әзірлеген.

 

АНДРЕ ТОПАЛОВИЧ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ КОМПАНИЯ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Сфераға қарама-қарсы орналасқан 4 проектор, оң және сол жағындағы екі проектордың көмегімен барлығы 36 проекция ғимаратқа орнатылған экранда пайда болады. Өте күрделі процесс болғанымен, бұл әдісті Дубайдағы Бурж әл-Араб ғимаратында қолдандық.

7 минутқа созылатын шоу, күн сайын түрленіп отырады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер