ЕХРО өтіп жатқан Астанаға Қытайдан келем деушілер саны көп. Жастардың дені көрме аясында өтетін Димаш Құдайбергеннің концертін күтіп жүр.

Лю Чань бастаған Димаштың фанаттары Астанаға маусымның 25-26 күні ұшып бармақшы. Алдымен Астана ЕХРО көрмесі мен Димаштың жеке концертін тамашаламақ. Содан кейін әншінің туған жері Ақтөбеге ат басын бұрғалы отыр.

 

ЛЮ ЧАНЬ, БЕЙЖІҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Мына суреттегі қыздардың барлығы- Димаштың фанаттары. Олардың визасы және Димаштың концертіне билеті дайын. Бірақ түрлі себептермен Қазақстанға бара алмайтын болды. Олардың арасында Гуаньчжоу, Шанxай, Чэньди және Сианда тұратындары бар. Мына апайымыз Жапониядан. Ал мына қыз Германияда. Ал мына сіңіліміз Австралиядан Астанаға ұшып баратын болды. Көпшілігіміз визамызды дайындап болдық.

 

ЧЭНЬ ЧЖЭНЬ, БЕЙЖІҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Маған Димаштың өнері, биязы мінезі қатты ұнайды. Біз Димаш арқылы Қазақстанды, қазақ өнері мен мәдениетін таныдық. Кешелі бері екі елдің арасындағы достық әріптестік туралы көп естіп марқайып қалдық. Енді Астанаға қыдырып барып, көзіммен көрсем деймін.

 

Жер жиһанды шарлап, көзіммен көрсем дейтін қытайлықтар көп қазір. Былтыр сыртқа шығып, өзге елдің экономикасына 261 миллиард доллар қалдырып кеткен. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 12 пайызға артық. Сондықтан қазір қай мемлекет болмасын туризм саласында Қытаймен әріптестік байланысты бекемдей түсуге мүдделі. Әрине Қазақстан да туризм жылын пайдаланып, пайдаға кенелуден ниетті. Сондай жобаның бірі Оңтүстік Қазақстан облысында бар. «Ұлы Қытай қорғанынан – Жібек жолының кіндігіне» деген ұранмен екі ел арасындағы туристер санын арттырмақ.

 

БАТЫРХАН ҚҰРМАНСЕЙІТ, ОҚО КӘСІПКЕРЛІК, ИИД ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Былтыр 130 млн астам қытай азаматы шет елге шыққан. Соның бір, бірнеше проценті біздің елге келсе, болмаса басқа елге кетіп бара жатып біздің елге ат басын бұрып кетсе соның өзі бізге жақсы. Ол әрине бірнішіден табиғатымызды, тарихымызды, мәдениетімізді таныстырамыз әрі инвестиция дейміз және сауда-саттық дейміз соны дамыту үшін бірінші елге келіп танысу керек.

Әзірге қытайлық туристерді Астана ЕХРО мен Димаштың концерті арқылы тартып жатырмыз. Олар Қазақстанның таңғажайып табиғаты, терең тарихы мен қонақжай қасиетіне тәнті болса, қайта оралары сөзсіз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер