Экспо көрмесі аясында Грузияның ұлттық күні өтті. Шараға елімізге ресми сапармен келген Грузия Президенті қатысып, павильонды аралады. Танымал артистер ән шырқап, қазақ халқына тарту жасады.

Туған елі Грузияны әнге қосып, жүрекпен шырқаған Тамара Гвердцители бұл туындыны өзі шығарған. Көпшілік әуеннің сөзін түсінбесе де, құлақ құрышын қандыра тыңдады. Ешбір ұлт пен ұлысқа бөлінбейтін музыканың құдіреті осы шығар.

 

ТАМАРА ГВЕРДЦИТЕЛИ, ГРУЗИЯНЫҢ ХАЛЫҚ АРТИСІ:

 - Мен бұған талай рет Қазақстанға келдім. Сіздердің елдеріңіз қарқынды дамып келеді. Әр келген сайын таңданамын. Бүгін міне ЕХРО қалашығын араладым. Барлығы көңілімнен шықты. Қазір әлемде тұрақсыздық орнап, адамдар өте қатыгез болып барады. Бірақ мұнда келіп мен бір өзге әлемге тап болғандаймын. Қазақстан халқы өте жақсы. Сондай қонақжай халық. Осында келгеніме өте қуаныштымын.

Аяқтары жерге тимей билейтін Грузин халқы ЕХРО қонақтарын осылай қарсы алды. Ұлттық павильон алдында өнерпаздар барын салып биледі, қылыштарын айқастырып, көпшілікті тәнті етті.

Грузияда өндірілетін энергияның 80 пайызы баламалы қуат көздерінен алынады. Онда 26 мың өзен бар. Қуаттығы шамамен 3 мың мегаватт болатын 86 мың гидроэлектрстанциясы жұмыс істейді. Осылайша Грузия жаңартылатын қуат көздерінің өндіріс бойынша әлеуеті жоғары мемлекеттердің қатарына еніп отыр. Қазақ инвесторлары судан қуат алатын жобаларға ерекше қызығушылық білдіріп отыр. Бұған дейін отандық кәсіпкерлер 100 млн доллар инвестиция құйған. Грузиндер де Қазақстан  экономикасына қаражат салып, жасыл технологияларды бірлесіп дамытпақ.

 

ИЛЬЯ ЭЛОШВИЛИ ГРУЗИЯНЫҢ ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстан біздің гидроэлектрстанцияларына инвестиция құйғанды қалаймыз. Сіздердің  кәсіпкерлеріңіз бізге келіп тәжірибе алмасты. Қазір олар осы Қазақстанда  желден қуат алатын станция салып жатыр. Біз бар білгенімізбен бөлісіп, осы саладағы әріптестікті жандандырғымыз келеді. Сіздердің жасыл технологияларды дамытуға бағытталған жобаларыңыз біз үшін өте қызықты.

ЕХРО кезінде Грузиядан 10 мыңдай қонақ келеді деп күтілуде. Көрме басталғалы бері екі ел арасында қатынайтын әуе рейстерінің саны артты. Алматыға күнделікті, ал Астанаға аптасына 4 рет жолаушылар тасымалданады.

 

СЕВМАР ӘЛИЕВ ТУРИСТ /ГРУЗИЯ/:

 - Біз кеше Алматыға келіп, бүгін Астанаға жеттік. Келгенімізге еш өкінбейміз. Қатты ұнады. Көрмеге Грузиядан көптеген адамдар  келгісі келеді. Қай қалаға бармасақ та, барлығы Астанаға барамыз деп жатады. Біз шын көңілден өте қуаныштымыз.

Көрме аясында мемлекеттердің  ұлттық күндерінің өткізілуі көпшіліктің көңілінен шығып жатыр. Келушілер ЕХРО-дағы тың жобаларды қарап қана қоймай, түрлі елдердің салт-дәстүрі, ұлттық өнерімен таныса алады.

 

ДОДО ЧУРГУЛАШВИЛИ, ШЕБЕР:

 - Қазір бар әлемде табиғилық пен тазалық сәнде. Грузияның қолөнершілері мен суретшілері соңғы жылдары осы бағытқа бет бұрды. Мысалы, мына ойыншықты баланың бесігіне байлап қойсаңыз зияны жоқ. Қазақстандықтар тарапынан да қызығушылық көп, келіп сатып та алып жатыр.

Сақина мен сырғалар, жібек орамалдар. Грузия шеберлерінің қолынан шыққан, табиғи материалдан жасалған бұл нәрселерге қазақстандық қыз-келіншектердің қызығушылығы басым.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер