Көп ұзамай Беларусь, Бразилия мен Түркия қалаларында жас та өршіл «Астана Балет» театры жаңа көрерменімен жолығады. Театрдың жазғы гастролі Минсктегі «Балетное лето в Большом» Халықаралық фестивалінен басталмақ. Беларусь, Ресей, Польша мен Германия жұлдыздары қатысатын Балет өнерінің фестивалі маусым айының 11 мен 18 аралығында Ұлттық академиялық Үлкен опера және балет театрында өтеді.

Фестивальде балет әртістері өз репертуарындағы ғажайып, жарқын қойылымдарды көрсетеді. Оның ішінде: «Алуан-түрлі би», «Gaia», «Love Fear Loss», «Баяу жалын», «Кармен», «Сағым сәттері». Ал «Love Fear Loss» балеті Эдит Пиаф әндерінің музыкасына қойылып, әйгілі әншінің өмірбаянынан нәр алған.

Сонымен қатар, театр Жорж Бизе мен Родион Щедриннің музыкасына қойылған "Кармен" балет-фантазиясын көрсетеді. 

Бұдан соң, 28-маусым мен 21-шілде аралығында астаналық труппа алғаш рет Бразилияның ірі қалаларына сапар шегеді. Сан-Пауло, Рио-де-Жанейро, Гояния, Ресифи, Натал, Форталеза мен Рибейрао-Прето қалаларында театр ұлттық және заманауи хореографияның үздік нөмірлерімен өрнектелген жаңа бағдарламасын паш етеді. Шілденің бірі мен екісі күндері театр өз қойылымдарын Гояс штатының астанасы, екі миллион тұрғыны бар Гояния қаласында өтетін Халықаралық би фестивалінің аясында көрсетпекші.

Тамыз айының басында қазақстандық балет труппасы Бодрум (Түркия) қаласында өтетін 15-ші Халықаралық балет фестиваліне қатысады. Гастрольдердің арасында балет әртістері Халықаралық «EXPO 2017» көрмесіне де қатысып, астаналық көрерменге өнерін паш етпек.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін, еліміздің үздік балет труппасы өзінің бірегей әрі ғаламат репертуарын Мәскеу, Париж, Бейжің, Токио, Сеул,    Нью-Йорк, Баку, Варшава, Вена сахналарында көрсетіп, талғампаз көрерменнің жүрегінен орын алған жайы бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер