Әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Арманым, Әселім» хикаясы араға жарты ғасыр салып сахнаға қайта оралды. Талай қойылымға арқау болған шығарма бұл жолы «Қызыл орамалды шынарым» деген атпен көрерменге жол тартты. Жаңа нұсқадағы драманың өзгерісі тек атауында жатқан жоқ. Қоюшы режиссері Талғат Теменов терең лирикалық сарынымен ерекше туындыны басқа қырынан таныту үшін тырысып баққанын айтады.

 

ТАЛҒАТ ТЕМЕНОВ, ҚОЮШЫ РЕЖИССЕР:

 - Суреттік шешімі, декорациялық шешімдері, драматургиялық көптеген өзгерістер болды. Мысалы, бұған дейінгі сахналарда автор Айтматов болып шықса, біздің осы шешімде Байтемір болып шығады. Өйткені Айтматовтың шығармасында Байтемір үлкен тұлға бола тұра, екінші планда қалып қалады. Ал шын мәнінде бұл Байтемір – Айтматовтың өзі.  

Қойылымда өткен ғасырдың 60-жылдары Тянь-Шань тауының бөктеріндегі Долан асуында өткен оқиға желісі сипатталады. Бас  кейіпкерлер – Ілияс пен Әсел тағдырдың жазуымен кездеседі. Жаны таза, ажарлы ауыл қызы мен көлік жүргізушісі бірін-бірін қимастай сүйіп қалады. Сахна төрінде шынайы махабат сезіміне бөленген қос ғашықтың іңкәрлігі көркем суреттеледі.

 

АҚМАРАЛ ТАНАБАЕВА, АКТРИСА:

 - Шығарма көпке таныс. Қайталанып кетпейін, өзінің бір ерекшелігін табайын деген ізденіс болды. Өзіне хобби ретінде биді таңдап алдық. Артистке мінез-құлықтан басқа жасайтын іс әрекеті қандай болады деген ойлармен осындай тұжырымға келдік.Өте инабатты, адамның көңілімен қатты санасатын адам.  

 

Үлкендердің батасын алмай, аттастырылған жігітін ұмытқан Әсел Ілиястың етегін ұстап небір қызықты да қилы сәттерді бастан кешіреді. Алайда олардың басындағы бақыт қас-қағым сәт қана. Өзекте өкініш өрті лаулап, шаңырақтары шайқалады. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші,  шығарма өзегі мен түйіні көрермен қауымға ұлы сезімді бағалау туралы ой тастайды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер