Ұлыбританияның Ромси қаласында Қазақстанға арналған ауқымды шара ұйымдастырылды. Британиялықтар Ұлы дала елі туралы, оның мәдениеті мен дәстүрі және елде атқарылып жатқан реформалар жайлы ақпаратпен сусындады. 

 

ДЖЭНЕТ ДЖАДСОН, РОМСИ ТҰРҒЫНЫ:

 - Меніңше, бұл өте керемет ел. Кештен тамаша әсер алдық, Қазақстан жайлы көп мағлұмат жинадық. Егер менде мүмкіндік болғанда елдеріңізге міндетті түрде барар ем.

Ағылшындар, әсіресе, қазақтың қонақжайлығы мен үлкенге деген құрметін ерекше бағалайды.

 

МИК САММЕРХЕЙС, РОМСИ ТҰРҒЫНЫ:

 - Біз қазақтарға тән отбасы құндылықтары жайлы көп естідік. Егде жастағы кісілерге қалай қамқорлық танытатындықтарыңызды білдік. Қонақжайлықтарыңыз туралы да хабардар болдық. Бұл-керемет.

Шара жергілікті әкімшілікте өтті. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов еліміз жайлы толық мағлұмат беріп, экономика мен саяси жүйені жаңғырту бойынша жасалып жатқан реформалармен таныстырды. Жиналғандар сонымен қатар рухани жаңғыру бойынша жаңа бағдарлама туралы білді. Ромси қаласының басшысы Джон Паркер Қазақстан бүгінде тек жер асты байлықтары мен ірі сыртқы саяси бастамаларымен ғана емес, мәдени жетістіктерімен де танымал бола бастағанын айтады. 

 

ДЖОН ПАРКЕР, РОМСИ ӘКІМІ:

 - Біз өз елімізде жеткен жетістігіміз де көп. Жоғалтқан дүниеміз де  біраз. Ұлттық құндылықтарын жоғалтпаған халықтан аларымыз, үйренеріміз көп. Сіздердің өнерлеріңіз де таң қалдырады. Мысалы, жаңа астаналарыңыздың сәулет өнері дәстүрлі және модерн стилін тамаша тоғыстырады. 

 

Қазақстан күні Оңтүстік Корея Парламентінде де ұйымдастырылды. Шара ресми Астана мен Сеул арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауына 25 жыл толуына арналған. Ұлттық мәжілістегі салтанантты жиынға келгендер қазақтың халық әндерін тыңдап, суретшілердің шығармашылығымен танысты. Тіпті, асық ойнап, ұлттық тағамдардың дәмін татты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Оңтүстік Кореяда Қазақстанға қызығушылық өте жоғары.

 

ЮН Е РИМ, HANGANG NETWORK ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Біз Оңтүстік Корея тұрғындарын шет елдердің дәстүрлерімен таныстырамыз. Бүгін қазақстандық студенттердің көмегімен осындай шараны ұйымдастырдық. Бір өкініштісі бізде Қазақстанға арналған шаралар аз. Бірақ бүгінгі оқиға екі халықтың ынтымақтастығын арттырады деп сенеміз.  

 

КВОН СЫН ЧОЛЬ, СЕУЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Мен Қазақстанда бірнеше рет болдым, бірақ еліңізбен бүгін етене таныстым десем болады.  Ұлттық тағамдардың дәмін көрдім, асық ойнадым. Табиғаты сұлу, көркем жерлер көп екен. Оңтүстік Кореяда Қазақстан туралы мәліметтер аз, сондықтан осындай шара жиі өткізілсе жақсы болар еді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер