Нью-Йорктегі Таймс-скверде қазақстандық суретші Астананың бойтұмарына айналған «Бәйтеректі» бейнеледі. Манхэттендегі атақты «әлем қиылысынан» күніне 300 мыңнан астам жолаушы және жүз мыңнан астам жүргізуші өтеді. Олар қызықты суреттерге зер салмай өтпейді. Ал қазақстандық суретші Асхат Ақылбаев  мыңдаған келушіге 5 минут ішінде  шынайы туынды жасап шығарады.

 

АСХАТ АҚЫЛБАЕВ, СУРЕТШІ:

 - Идеялар тосыннан пайда болады. Біз Нью-Йоркті және өзге де қаладағы тіршілікті бейнелейміз. Жаңа фильмдер шыққанда, біз артистерді де қосамыз. Бұл жерде техника басқаша. Негізі оған үйренуге болады. Мен өнер мектебінде оқыған жоқпын. Осы алаңда серуендеп келе жатып, жай ғана жастардың сурет салып жатқанын көретінмін. Қазір бұл өнерді өзім де меңгеріп алдым.

Бұл – Spray paint art көше өнері. Соңғы уақытта атақты өнер жанрларының бірі саналады. Әуелде Асхатқа бояу баллондарымен жұмыс жасау оңайға түспеді. Қадамын жаңа бастаған суретшіге туристердің өзі көмекші болды. Оған идея қосып, қолдау білдірді. Ол келгендерге Қазақстанның көрікті жерлерін бейнелеп береді. Мәселен, Бәйтеректі Асхат бар-жоғы 2 минутта салған.

 

АСХАТ АКЫЛБАЕВ, СУРЕТШІ:

 - Мен күніне 20 сурет саламын, бір айға 600 туынды шығады. Әрқайсысының ерекшеліктері бар. Әр түрлі штаттардан келіп, осында сурет салғысы келетін суретшілер өте көп. Белгілі бір орын саны бар. 42-көше ең маңызды. Егер жақсы орын алғың келсе, күнделікті келіп, араласып тұру қажет. Орын бергісі келмейтін бәсекелестер де көп.

 

Асхат қазір АҚШ-тағы оқуымен, шығармашылық жұмысын қатар алып жүр. Ал оның өнердегі достары оның туған жерін көзімен көргісі келеді.

 

РОМАН, СУРЕТШІ:

 - Міне, ол өзінің туған жерін салған. Ол түс үйлесімділіктерін таба біледі. Біздің орнымызда кезінде қытайлық Ай Вэйвэй сурет салыпты. Ол қазір әлемге танымал суретші. Ендігі кезек бізде. Асхат екеуміздің жұлдызды сәтіміз әлі алда деп ойлаймын.

Ал Асхаттың өзі туған жерін сағынып жүргенін айтты. Биыл жазда елге келуді жоспарлап та қойыпты. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер