3 мыңға жуық фестиваль, концерт, шоу, экспозиция. Астанада ЕХРО-ның мәдени бағдарламасы жарияланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараларды жоспарлау барысында қазақ мәдени мен құндылықтарына басымдылық берілген. Алайда шетелдік меймандар да жоқ емес. Limp Bizkit (ЛИМП БИЗКИТ), Эрос Рамозотти және Стив Аоки сынды әлемдік деңгейдегі артистер елордаға келеді. Ресейлік өнер өкілдері де шет қалмақ емес. Сондай-ақ мәдени бағдарламада классикалық музыканы сүйер қауымның қалауы да ескерілген. Арнайы концерттер мен қойылымдар жоспарланып отыр. Ең тартымды көрініс «Ұлы дала симфониясы»  атты көрменің ашылу салтанаты болмақ.  

 

МАРАТ ОМАРОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Адамдардың бәрі көрменің бірінші күнінде келе алмайды. Сондықтан біз «Ұлы дала симфониясы» шоуын 5 рет қайталамақпыз. Ол біздің бай мәдениетіміз бен дәстүрімізді жұртшылыққа паш етеді. Қазақстандық композиторлардың классикалық туындыларын қоса отырып, арнайы музыка дайындаймыз. Көрініске 600-ден астам әртіс қатысады.

 

Тағы бір тосын сый – «Дю Солей циркі». Олар тіпті 3 ай бойы елордада болмақ. Артистер «Рефлект» акробатикалық шоуын ұсынатын болады. Режиссерлерді көшпелілер мәдениеті шабыттандырған. Цирк ұжымы көрерменге барлығы 70-ке жуық қойылым дайындап отыр. 

 

БЕРНАРД ПОЙРИЕ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біздің шоу «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналады. Музыкасын қазақстандық музыка мен мәдениетке тәнті болған канадалық композитор жазды. Сондықтан классикалық аспаптармен қатар домбыраның да әсем үнін естисіздер. Артистердің костюмдерінен қазақ оюларын да аңғаруға болады. Қойылымның басты кейіпкерлері – «Алтын адам», археолог және бүркіт.

Алдағы уақытта бұл қойылым әйгілі цирктің гастрольдік бағдарламасына енбек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер