Әлемнің өнер жауһарлары кезекті рет Қазақстанның төрінде тоғысты. Елордада «Астана кештері» халықаралық өнер фестивалі салтанат құрды. Бас шаһарда 6-шы мәрте ұйымдастырылған әуезді бағдарлама шымылдығын атақты виолончельші Александр Рамм ашты. Ресейлік музыкант 9 жасынан күрделі классикалық шығармаларды асқан шеберлікпен орындау қасиетімен танымал. Әлемнің үздік сахналарында үлкен сұранысқа ие болып жүрген майталман Қазақстанға алғаш рет ат басын бұрып отыр. 

 

АЛЕКСАНДР РАММ, ВИОЛОНЧЕЛЬШІ:

 - Өткен жылғы Чайковский атындағы байқаудан кейінгі маусым тым тығыз болды. Осының кесірінен өкінішке орай былтыр «Астана кештері» фестиваліне қатыса алмадым.  Ұйымдастырушылардың биылғы бағдарламаға шақыруын қуана қабылдадым. Сондықтан жергілікті қауымды өнерімнің қыр-сырымен қанықтыру үшін ерекше ықыласпен орындайтын шығармаларымды әзірлеп әкелдім. Ол, әрине, Чайковскийдің көпшілікке танымал туындылары.

 

Ресейлік пианист, беделді халықаралық байқаулардың жеңімпазы Наталья Трулль де кеш көрерменін әсем әуенге бөлей білді. 4 күнге жалғасқан фестиваль аясында өнер сүйер қауым классикалық аспаптардың өзге де әлемдік шеберлерінің өнерін тамашалады. Әдеттегідей шетелдіктермен қатар, отандық сахна саңлақтары да бар өнерін ортаға салды.

 

ТИМУР ОРМАНШИЕВ, ЖОБАНЫҢ КОРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл фестиваль қайырымдылық мақсатта ұйымдастырылатындықтан, билеттері тегін таратылады. Биыл бар билеттер бір күннің ішінде үлестірілді. Өйткені еліміз бен шетелдіктердің дарынды өнерпаздары таңдамалы бағдарламаларын ұсынады.  Концерттер Астананың үздік сахналарында өтеді. Әр жоба аясында көрерменді тосын сыйлар күтеді.

2012 жылдан ұйымдастырылып келетін «Астана кештері» фестивалі елорданың төлқұжатына айналды. Бүгінге дейін Қазақстандық жоба 700-ден астам халықаралық деңгейдегі күміс көмей мен саусағынан саз тамған дарын иесінің басын қосты. Барлығы өткен 20-ға тарта концертті 25 мыңнан артық көрермен тамашалады.   

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер