«Бабалар ізімен» экспедициясының мүшелері – Орынборда. Бұл шаһар жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақ елінің алғашқы астанасы болды. Арада ғасыр өткенмен, алаш арыстарының ізі қалған ғимараттар әлі күнге сақталған. Қаланың қақ ортасындағы мына еңселі үйде 1917 жылы бүкіл қазақтық бірінші және екінші сьездер өткен.

 

ЮЛИЯ КУРЕНКОВА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Дәл осы сьезде Алаш ордасы алғаш рет құрылды. Жиын ақпан және қазан төңкерістерінен кейін болған. Тарихи құжаттарға сүйенсек, кеңесте пікірлер қарама қайшылығы болған. Олар ортақ шешімге келудің жолын іздеген.

Ал бұл ғимаратта 1850-1857 жылдар аралығында ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин білім алған. Орынборда оқуын аяқтағаннан кейін ол Торғайда алғашқы мектеп ашқан еді. Әлі күнге дейін оқушылар тәрбиелейтін мекемеге қарама-қарсы үйде алаш арысы Әлихан Бөкейханов тұрған екен.

Ал шаһардың архивінен Ахмет Байтұрсынұлына қатысты тың құжат табылды. Бұл – 1910 жылы Байтұрсынов Орынборға келгенде оны полиция бақылуға алу туралы полицмейстердің рапорты. Бұдан бөлек, өткен тарихтан сыр шертетін құжаттар мұрағатта жетерлік.

 

ЕКАТЕРИНА КОСЦОВА, ОРЫНБОР АРХИВІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Деректер өте көп. Мәселен, ең қызықты құжаттардың бірі – Орынбордың әскери губернаторы Перовскийдің Хиуа ханына жолдаған хаты. Ол қазақтарды тонауды тоқтатуды талап еткен. Сонымен қатар, Ыбырай Алтынсарин шығарған газет сақталған.

Қазақ тарихына қатысты құнды құжаттар арасынан тың деректердің табылуы айғақ. «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақов өткенімізді тереңнен қазбалау арқылы тарихтың жаңа көкжиегі көрінеді дейді.

САПАР ЫСҚАҚОВ, САЯХАТШЫ:

 - Жастар, ғалымдар келіп осыны тексереміз Алаш ордасының уақытын, Қазақ республикасының орнаған уақытын тексереміз десе осы архивке келіп көп документтерді табуға болады екен. Соның біз бүгін куәгері болып тұрмыз.

Өткенін білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр. «Бабалар ізімен» экспедициясы қазақ тарихына қатысты құнды мәліметтерді жинау үшін сапарын одан әрі жалғайды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер