Астанада скрипкашылардың жетінші халықаралық байқауы өтіп жатыр. Өнер жарысына 17 жасқа дейінгі орындаушылар қатысуда. Олар Бах, Паганини, ВенЯвский сынды әлем классиктерінің шығармаларын орындау шеберліктерін көрсетіп, баптарын сынайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау – дарынды скрипкашылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын алаң. Олар көрермендердің ықыласына бөленіп, кәсіби мамандардың бағасын алады. Қазылар алқасының құрамына Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның танымал музыканттары енді.

 

АЛЕКСЕЙ ДУЛОВ, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ /БЕЛАРУСЬ/:

 - Ең бастысы қатысушының бірегейлігі. Ол адамға туа бітеді немесе ол біреулерге ұқсағысы келіп, еліктейді. Қалай болғанда да, скрипкашының өзіндік бейнесі болуы тиіс. Егер орындау шеберлігі шынымен де керемет болса, дарыны байқалып тұрса, техникалық кемшіліктерді кешіруге болады.

 

Алматыдан келген дарынды скрипкашы Омар Қуанышев бұл аспапты 4 жасында меңгерген. Ол Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінің үздік шәкірттерінің бірі саналады. Бұған дейін Париж консерваториясында өткен «Флам» халықаралық байқауының жеңімпазы атанған. Қазақстандық орындаушы шетелдік майталмандарды мінсіз техникасымен таң қалдырыпты. Енді Омар Астанадағы байқаудың жүлдесінен үмітті.

 

ОМАР ҚУАНЫШЕВ, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ:

 - Бұл байқау көптеген орындаушылар үшін тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Алғашқы турға Бахтың «Чаконасын» дайындадым, сондай-ақ, Паганинидің, Серкебаевтың шығармаларын орындаймын.

 

Жас скрипкашылардың шеберлігін шыңдау, оларға жаңа биіктерді бағындыруға жол ашу – байқаудың басты мақсаттары осы, дейді ұйымдастырушылар. Скрипкашылардың халықаралық байқауы мамырдың 25-іне дейін жалғасып, гала-концертпен аяқталады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер