Қазақстанда әлемнің үздік опера әншісі анықталады. Астанада ЕХРО-2017 көрмесі аясында дүниежүзілік «Operalia» байқауы өтеді. 17 елдің намысын арқалап келетін 40 дарындының есімі елордада белгілі болады. Күміс көмейлілердің төртеуі – қазақстандық орындаушылар. Әншілер бәйгесінде Мария Мудряк, Дамир Сәдуақасов, Станислав Ли және Расул Жармағамбетовтар бабы мен бағын сынайды. Бұл орайда үздіктер алты жүзден астам үміткердің арасынан іріктеліп алынғанын айта кеткен жөн. Опера королі, әнші әрі дирижер Пласидо Доминго негізін қалаған вокалшылардың ең беделді тартысы елімізде тұңғыш рет өткелі тұр.

 

АЛЬВАРО ДОМИНГО, «OPERALIA» БАЙҚАУЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Опералия байқауы жыл сайын әлемнің түрлі театрларынан шақырту алады. Биыл Оңтүстік Корея, Жапония, Португалия және Қазақстаннан ұсыныстар келіп түсті. ЕХРО-дан бөлек, Астананың соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған заманауи театрына және қызметкерлердің жұмысқа деген ынта-ықыласына назар аудардық. Мұндағы дайындық, гримдеу залдары, сахна, бәрі керемет. Оркестр мен хордың жоғары деңгейі жағымды әсер қалдырды. Сондықтан бірауыздан «Астана Опера» театрын таңдадық.

 

24-26 шілдеде ширек және жартылай финалда әншілер өздері таңдаған арияларды орындайды. Араға үш күн салып шешуші сәтте әлем таныған опера майталмандарының саралауынан өткен он үміткер бас жүлдеге лайықты екенін тағы бір дәлелдейді. Қорытынды кезең маэстро Домингоның өзі жетекшілік ететін «Астана Опера» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Жалпы жүлде қоры 180 000 АҚШ долларын құрайды. Ерлер мен әйелдер дауысы арасында үздік үштіктен бөлек, бірқатар аталымдар қарастырылып отыр. Бұл ЕХРО көрмесі аясында отандық опера тетры ұйымдастыратын жалғыз мәдени шара емес.

 

ҒАЛЫМ АХМЕДИЯРОВ, «АСТАНА ОПЕРА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ашық аспан астында «Қыз Жібек», «Аида» опералары мен «Дон Кихот» балеті сахналанады. Ұлы композитор Густаф Малердің «Мың қатысушының симфониясы» деп аталатын 8- ші шығармасы ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі аясында жұртшылық назарына ұсынылатын болады.

Ал шілденің 1-і күні алғаш рет Вена балының негізінде Астана балы ұйымдастырылмақ. Әсем шараға танымал тұлғалар қатысып, 100-ге тарта жұп классикалық би өнерінің кереметін паш етеді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер