Торғайдың жазық даласындағы бұл төмпешіктер осыдан он жыл бұрын әлем ғалымдарының назарын өзіне аударды. 2007 жылы қостанайлық Дмитрий Дей Гугл эрс ғарыш түсірілімінің көмегімен таңғажайып тарихи жаңалық ашты. Құс қанаты жететін жерден төменге көз салса свастика, төртбұрыш бейнесіндегі геоглифтер көрінеді. Оның айтуынша бұл алғашқы өркениеттің іздерін айғақтайтын ежелгі нысан болуы мүмкін.

 

ДМИТРИЙ ДЕЙ, ЗЕРТТЕУШІ:

 - Үштоғай төрттағаны туралы айтатын болсақ, оның аумағы 8 гектар жерді алып жатыр. Бұл Хеопс пирамидасынан салыстырмалы түрде екі есеге үлкен. Біздің тұжырымымыз бойынша бұл геоглифердің күнтізбемен қатысы болуы мүмкін. Немесе есептеу аспабы да болуы мүмкін.

 

Үштоғай геоглифтерінің әр бұрышының ұзындығы – 250 метр. Торғай өңірінде осындай онға жуық геоглиф анықталды. Оның сырын ашып, мәнін түсінуге тіптен Жапония мен Американың ғалымдары тырысып бақты. Бірақ қазақ даласындағы құпияның кілтін табу әзірге мүмкін болмай тұр. «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақовтың айтуынша, жаһанды таңқалдырған жұмбақтың кілтін отандық ғалымдар табуы тиіс дейді.

 

САПАР ЫСҚАҚОВ САЯХАТШЫ:

 - Бұған целый институт кіріу керек. Ғалымдар кірісу керек. Шетелдің адамдарын шақыруымыз керек. Әзірше бұл жеке адамдардың қызығуымен ғана азғантай ғана жұмыс жасалып жатыр.

Экспедиция Торғайдан кейін Қостанай қаласындағы мұражайға арнайы соқты. Себебі, мұнда да өткен дәуірден сыр шертетін ерекше мүсін сақталған. Бұл 1976 жылы табылған кішкенатай тас мүсінге «Тобыл ойшылы» деген ат қойылған. Ғалымдар оны Азияның антропоморфты мүсін тобына жатқызып отыр.

 

НАЗИМА ОТАШЕВА, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Бұл біздің дәуірімізге дейінгі 3 мыңжылдықтың соңы мен екінші мыңжылдықтың басына жатады. Бұл пикеттеу техникасында жасалынған. Сұр, қоңыр түсті қиыршықты тастардан жасалған. Бұл мүсін адамның аспанға қарап ойланған кейпін бейнелеп отыр.

Ел естімеген мұндай тарихи құнды жәдігерлер ұлан ғайыр атырабымызда жетерлік. «Бабалар ізімен» экспедициясы осы құндылықтармен танысу мақсатында сапарын одан ары жалғады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер