Ұлы сезім – махаббат тақырыбын арқау еткен өшпес классикалық музыка. «Астана Опера» театрында «Жалындаған құштарлық» атты әуезді кеші өтті. Бағдарламада Пьяццолла, Рахманинов, Шостакович, Щедрин сынды әйгілі шетел композиторларымен қатар, отандық сазгер Жұбановтың ескірмейтін шығармалары шырқалды. Інкәрлікке толы туындылар виолончельші Ермек Құрманаев, пианист Гауһар Таспергенова және скрипкашы Евгения Құрманаеваның орындауында ұсынылды.

 

ГАУҺАР ТАСПЕРГЕНОВА, ПИАНИСТ:

 - Концерттің бағдарламасын лирикалық еткіміз келмеді. Біз жалындаған әуендер арқылы тыңдарманды сергітіп алуды ұйғардық. Таңдалған музыканың кереметтігі махабат сезіміне толы болуында. Өнер арқылы құштарлықтың сырын ашуды ойладық. Бұл – әр кезеңге тән, уақыт талғамайтын тақырып қой.

 

Өнерде шек жоқтығын тағы бір танытып, танго, джаз бен түрлі кезеңнің классикалық музыкасын бір концерттік бағдарламаға кірістірген. Сондай-ақ, көпшілікке жақсы таныс шығармаларға жаңаша рең қосып, өз көзқарастарымен ойнап беруді жөн санапты.

 

ЕРМЕК ҚҰРМАНАЕВ, ВИОЛОНЧЕЛЬШІ:

 - Біз қиялға жол беріп, шығармаларды сәл жаңарттық. Бірақ әр туындының негізгі ойын сақтай отырып, заманауи ырғақтарды табуға тырыстық. Меніңше, қосымша ноталар классикалық музыкаға жаңа дем берген сыңайлы. Үш ай бойы тынымсыз бірлесіп атқарған жұмыс нәтижесі  көптің көңілінен шығатынына сенімдімін.

 

Бұл орайда айта кетерлігі, саусақтарынан әсем саз төгіліп, өз аспаптарының құлағында ойнайтын еліміздің хас шебер музыканттары алғаш рет трио құрып отыр.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер