Астанадағы Ұлттық мұражайда «Әзірбайжан – ислам әлемінің інжуі» атты көрме ашылды. Онда Әзірбайжан фотосуретшілерінің туындылары қойылған. Негізгі денін көрші елдің тарихи-мәдени сәулет ғимараттары бейнеленген еңбектер құрайды. 50 жұмыста ислам әлемінің жауһарына айналған мекендер мен діни нысандар көрініс тапқан. Фотокөрме Әзірбайжанда жарияланған «Ислам ынтымақтастығы жылы» аясында өткізіліп отыр.  Сондай-ақ, Әзірбайжан халқының ұлт көшбасшысы Гейдар Әлиевтың мерейтойына орайластырылған.

 

РАШАД МАММАДОВ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӘЗІРБАЙЖАН ЕЛШІСІ: 

 - 2017 жыл Әзірбайжанда «Ислам ынтымақтастығы жылы» деп жарияланды. Осыған орай мамыр айында Бакуде  Ислам ынтымақтастығы спорт федерациясының  ІV ойындары өтеді. Дәстүрлі жарысқа  барлық ислам елдері қатысады. Оның аясында жыл соңына дейін мультимәдениет пен ұлтаралық достық, халықаралық келісім тақырыптарында  түрлі шаралар өтеді. Сол бағдарламалардың бірі  Елордада ашылған фотокөрме.  Бұл екі елдің мәдени сабақтастығы мен халықтар достығын айғақтайтын шара деп білемін.

 

Сондай-ақ, Рашад Маммадов жақында Ұлттық мұражай қабырғасында Әзірбайжан бұрышының қанат жаятынын құлағдар етті. Экспозицияда бауырлас халықтың тарихы, мәдениеті және тұрмыстық салтынан сыр шертетін жәдігерлермен танысуға болады.   

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер