ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін қабылдайтын елордамыз шараға тыңғылықты дайындалып жатыр. Өйткені әлемдік шараға келетін қонақтар ең алдымен бас шаһармен танысады. Астана шетелдіктерді өзінің айрықша архитектуралық нысандарымен ғана емес, әуежайда, қонақ үйлер мен дүкендерде, қоғамдық көлікте, тағы басқа орындарда халықаралық деңгейдегі қызмет көрсетумен таң қалдырмақ. Елорда әкімдігінің бастамасымен «Жүзі жылы Астана» шарасы қолға алынды. Ол жергілікті тұрғындарды ЕХРО-ға келетін қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, қазақи қонақжайлылығымызды көрсетуге шақырады. Өйткені бас шаһар үш ай бойы әлем назарында болмақ. Халықаралық көрме шараларынан бөлек,

Астана қаласының әкімдігі өз күшімен 647 іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.

 

БОЛАТ МАЖАҒҰЛОВ, АСТАНА Қ. ӘКІМДІГІНІҢ ӨКІЛІ:

 - Үш ай бойы қаладағы Жерұйық, Студенттер, Жерұйық, Президент, Арай саябақтарында «Бақтың жеті ғажайыбы» деген тақырыппен арнайы шара ұйымдастырылатын болады. Қазақ ертегілері мен Дисней кейіпкерлерінің қатысуымен 7 тақырыптық бағдарлама әзірленіп отыр. Бұл шоу-бағдарламалар демалыс және жұмыс күндері өткізілетін болады. Елорда саябақтарында жалпы саны мыңнан аса ойын-сауық шарасын өткізу жоспарланып отыр.

 

Сондай-ақ, эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Астана дауысы» халықаралық музыка фестивалі  ұйымдастырылмақ. Фестивальдер, көрмелер, театрландырылған және цирктік қойылымдар, көптеген спорттық шаралар тағы бар.  

 

САМАТ ҚАБДУЛИН, АСТАНА Қ. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Көп спорттық іс-шара өтеді. Ол әлем кубоктары, әлем чемпионаттары, Ұлттық спорт түрлерімізді ұмытуға болмайды. Ұлттық спорт түрлерінен іс-шаралар дайындап отыр. Айтып кетейін, ол бәйгеден, тоғызқұмалақтан, аударыспақтан, қазақ күрестен сондай жарыстар өтеді.

 

Мұнымен қоса, Қазақстанға мәнерлеп сырғанау спортының жұлдыздары келмек. Олар көрермендерге ұмытылмас шоу әзірлеуде. Ұйымдастырушылар биыл жазда елорда сансыз шараларға бай болады,-деп отыр. Ойын-сауық бағдарламалар мен концерттердің 70 пайызы қаланың түрлі аудандарында ашық алаңдар мен  саябақтарда өтеді. Мақсат – ешкімді шет қалдырмау. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер