Мүсіндердегі шынайылық. Хас санат сурет галереясында Вагиф Рахмановтың «Әуен...» атты жеке көрмесі ашылды. Экспозициядағы автордың 26 жұмысынан ұқсастық байқалғанымен, сол кезде бір-бірінен мүлдем алшақ сынды. Әр жұмысы арқылы Вагиф Рахманов өзінің ішкі толғанысын жеткізген. Өзіндік философия мен қиялдан туындаған  еңбектер келушілерді де терең ойға қалдырды.

 

ЖАННА ЕҢСЕБАЕВА, «ХАС САНАТ»  СУРЕТ ГАЛЕРЕЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Вагиф Рахманов – үнемі ізденісте жүретін адам. Оның еңбектері әрдайым өзекті әрі заманауи. Оның қолынан шыққан мүсіндерге қарап, автордың өмір жайлы толғанысын, айрықша көзқарасын аңғаруға болады. Ол өз туындыларында әйелдің нәзіктігі, махаббат сынды саналуан тақырыптарды қозғайды.

Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемөнер институтының түлегі Вагиф Рахмановтың туындылары бұған дейін Түркия, Германия, Болгария, Венгрия сынды елдерде көрмелерге қойылып, жоғары бағаға ие болған. Өнерсүйер қауым автордың жұмыстарын әсем мелодияға теңейді. Елорда төрінен орын тепкен жеке көрмесіне «Әуен...» деген тақырып бергені де сондықтан.

 

АРДАҚ ЮСУПОВА, ӨНЕРТАНУШЫ:

 - Автор өз жұмыстарында қалың шыныны пайдаланады. Ол балқытып, біріктірілген конструкцияларды алғашқылардың бірі болып қолданды. Көрмеге қойылған жұмыстардан Вагиф Рахмановтың қола мен түрлі түсті шыныны қаншалықты шебер үйлестіретіндігін көруге болады. Түстерді өте батыл қолданады.

 

Өнертанушылар Вагиф Рахмановтың қола мен шыныдан бөлек металл, тас сынды өзге де материалдармен шебер жұмыс істейтіндігін айтады. Алайда қандай туынды жасаса да, оның өзіндік стилі айқын байқалады. 30 мамырға дейін елордалықтар да бұған көз жеткізе алмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер