«Аллилуйя», «Сиқырлы флейта» операсынан увертюра, кішкентай түнгі серенада. Моцарт туындылары «Астана опера» төрінде орындалды. Әркімге таныс белгілі шығармаларды тыңдарманға Абзал Мұхитдинов жетекшілік еткен театрдың камералық оркестрі жеткізді. Дирижердің айтуынша, концерт алдында 3-4 дайындық өткен.

 

АБЗАЛ МҰХИТДИНОВ, ДИРИЖЕР:

 - Біз үшін бұл көп те, аз да емес. Өйткені оркестр музыканттарының кәсіби біліктілігі өте жоғары музыканттар. Жалпы Моцарттың музыкасы өте жарқын музыка, махаббат туралы, жастар туралы.

 

«Таңғажайып Моцарт...» концертінде есімі әлемге әйгілі скрипкашы Ғалия Бисенғалиева өнер көрсетті. Қазіргі таңда Лондонда тұратын музыкант әлемнің әйгілі  сахналарында өз өнерін паш еткен. Ғалия Бисенғалиева кешті өзінің әкесі Сағадат Бисенғалиевке арнады. Биыл белгілі музыканттың туғанына 60 жыл толар еді. 

 

ҒАЛИЯ БИСЕНҒАЛИЕВА, СКРИПКАШЫ:

 - Моцарт әкемнің сүйікті композиторы болатын. Ол  скрипкаға арналған концертті жиі орындайтын. Әкем Мәскеу консерваториясында оқыды. Елде қызмет етті. Қазақстанға келіп, осы концертті бергеніме өте қуаныштымын.

Скрипкашы Астанадан соң Нью-Йорк пен Лос-Анджелес көрермендерін әсем әуен сиқырына бөлемек. Одан кейін Абу-Дабиде заманауи лондондық оркестрдің сүйемелдеуімен  Ғалия Бисенғалиеваның жеке шығармаларының тұсауы кесіледі деп күтілуде. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер