Көрнекті композитор, мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұқан Төлебаев – ел мақтанышы. Артына бай мұра қалдырған алып тұлғаның құрметіне «Алтын таяқша» республикалық байқауын өткізу бүгінде дәстүрге айналған. Биыл өнер бәйгесі төртінші рет Талдықорғанда өтті. Мақсат – Қазақстан композиторларының шығармашылығын шыңдау және насихаттау, олардың тың туындылары арқылы өнер ұжымдарының репертуарларын толықтыру. Биылғы байқауға еліміздің әр аймағынан 40-қа жуық талапкер қатысты.

 

ЕРНАР НҰРТАЗИН, «АЛТЫН ТАЯҚША» БАЙҚАУЫНЫҢ ГРАН-ПРИ ИЕГЕРІ:

 - Ары қарай жұмыс істейміз, талпынамыз. Келешекте әрине шет елге шығу, басқа халықаралық байқауларға қатысу, біздің Қазақстанымыздың атын шығару – ол біздің парызымыз, ол біздің міндетіміз. Ол – менің арманым.

 

Мұқан Төлебаев атындағы байқау дирижер жастар үшін нағыз сахна сайысына айналды. Оған қатысқан үміткерлер композитордың төл шығармаларымен қатар, шет ел классикасынан да өзі таңдаған туындыларды орындады.

 

ФАРУХ САДЫКОВ, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ /ӨЗБЕКСТАН/:

 - Қазақстанда жас таланттарға ерекше мән беріледі.  Сондықтан олардың арасынан танымал музыканттар өсіп келеді. Мен оған қуанамын және бүгінгі жүлдегерлерді құттықтаймын.

 

Қазақ музыкасының тағы бір бәйтерегі – Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы Таразда республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға арқау болды. Шара барысында композитордың өмірбаяны мен шығармашылығына арналған айлық қорытындыланды. Жиын қонақтары мен қатысушылары өнер иесінің атындағы мектеп-интернат музейіне саяхат жасап, оқушылардың қолөнер көрмесін тамашалады. Ал ұлы сазгердің көзін көрген ғалымдар естеліктерімен бөлісіп, жастарға атақты тұлға туралы естеліктер айтып берді. Сонымен қатар, «Нұрғисатану» кітабының тұсауы кесілді. Туындыда Тілендиевтің өміріндегі ел аузында жүрген қызықты сәттері мен нақыл сөздері жазылған.

 

ОРАЛЖАН МАСАТБАЕВ, Н.ТІЛЕНДИЕВ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің мақсатымыз осы ірі тұлғалардың мұрасы арқылы жас ұрпақты қазақстандық патриотизмге қалай баулимыз? Атап айтқанда Абай, Қаныш Сәтбаев, Бауыржан Момышұлы, Нұрғиса Тілендиевтің мұрасын біз алдыңғы шепке алып, сол жұмысты жалғастырып жатырмыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер