Елордада IV халықаралық классикалық музыка фестивалі аяқталды. Astana Piano Passion аясында дәстүрлі жас пианистер байқауы ұйымдастырылған болатын. Бұл жолы 28 елден келген дарындардың арасында үздіктер анықталды. Мыңдаған адам концерттерді онлайн тамашалап, жас пианистердің өнерін тамашалай алды. Байқаудың басты мақсаты – балалардың музыкаға деген ықыласын арттыра түсіру,-дейді ұйымдастырушылар.

 

ДЕНИС МАЦУЕВ,  БАЙҚАУДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ  ЖЕТЕКШІСІ:

 - Алғашқы байқаумен салыстырғанда деңгей әлдеқайда жоғары. Astana Piano passion әлемге әйгілі болды. Байқауға ересектердің де қатысуы жайлы көп өтініш түсті. Astana Piano passion-ды байқаудан гөрі фестиваль деген дұрыс. Өйткені жас дарындарды анықтап, олардың музыкаға деген қызығушылығын арттыра түсуді мақсат етіп отырмыз.

 

Байқаудың жалпы жүлде қоры 60 мың АҚШ долларына тең. Мұнымен қоса, ұйымдастырушылардың  сыйлықтары да бар. Мәселен, қазақстандық Клим Пак Астана  қаласы әкімінің ақшалай сыйақысын иеленді.

 

КЛИМ ПАК, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ:

 - Мен Равельдің «Гробница Куперена» сюитасынан минуэт токкатасын, Ғазиза Жұбанованың «Миражы» және Листтың «По прочтении Данте» фантазия- сонетасын орындадым. Бұлар маған өте жақын туындылар. Байқаудың деңгейі өте жоғары. Өзіме көптеген дүниелерді түртіп алдым десем болады. 

 

Байқаудың шығармашылық  жетекшісі Денис Мацуевтің арнайы жүлделеріне ие болғандар халықаралық «Crescendo» (крещендо), «Звёзды на Байкале» және «Annecy Classic» (Эннеси клАссик) байқауларына қатыспақ. Сондай-ақ, жеңімпаздар ЕХРО-2017 аясында өтетін келесі Astana Piano Passion байқауында өнер көрсетеді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер