Астанаға опера арналды. Композитор Серікжан Әбдінұровтың «Аяулы махаббат» атты туындысының тұсауы кесілді. Жастардың ыстық сезімі мен елордаға деген махаббатқа толы операны орындау мүмкіндігі Қазақ ұлттық университетінің студенттеріне бұйырды. Олардың өздері де – жас елордалықтар. Яғни опера тақырыбы студенттерге аса жақын. «Аяулы махаббатты»  көрерменге жеткізуге университет колледжінің симфониялық оркестрі де қолдау көрсеткен.

 

ДАМИР САНСЫЗБАЕВ, ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР УНИВЕРСИТЕНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ,  ДИРИЖЕР:

 - Былтыр операларды тек қана үзінділерін алып, фортепиано арқылы ғана көрініс көрсетіп, бүгінгі таңда фортепианомен ғана емес, үлкен симфониялық оркестрмен қазақ операсының қойылымын көрсетеміз.

Бұл туынды – көптеген вокалдық шығармалардың авторы Серікжан Әбдінұровтың тұңғыш операсы. Ол туындының бас кейіпкерлері жас композитор Нұртуған мен сүйкімді әнші Ақсәуленің махаббаты мен танысу хикаясын автобиографиялық деп те айтуға болады дейді.

 

СЕРІКЖАН ӘБДІНҰРОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, КОМПОЗИТОР:

 - Кішкене өмірбаяндық опера деп айтсам да болады. Өйткені Астанаға жас композитор келіп, Астанамен танысып, өзінің әнін айтып жатқан жас әнші қызды көреді. Сөйтіп, екеуінің арасында махаббат оты жанады. Осылай оқиға желісі өрлей береді.

 

Студенттер шығарманы сахналауға жарты жыл бойы дайындалған. Әр орындаушымен жеке-жеке жұмыс жүргізілген. Нәтижесінде көрерменге тың, заманауи жастар операсы жетті. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер