Оңтүстік Кореяда қазақстандық қылқалам шебері Михаил Пактың сурет көрмесі өтті. Сеулдің Инсадон мәдени ауданында орналасқан галереяға келушілер отызға жуық шығарманы тамашалай алды. Олардың дені Оңтүстік Кореяға арналған. Сондай-ақ, шебердің Қазақстан туралы туындылары да ұсынылды. Суретші әрі жазушы Михаил Пак елімізде жиырма жылдай тұрған. Айтуынша, дәл осы жылдар оның өміріне қатты әсер еткен.

 

ПЁН ЁНГ ДЖОН, ПРОФЕССОР:

 - Михаил Пак әдемі гүлдер мен адамдарды көп салады. Жалпы, Михаил – ешкімге ұқсамайтын шығармашылық тұлға. Өйткені ол сурет те салады, романдар да жазады, корей авторларының шығармаларын орыс тіліне де аударады. Оның кейбір суретттерінде қазақ даласы, жылқылар бейнеленген. Оларға қарасам, бірден Қазақстан есіме түседі.

Саналы ғұмырын Қазақстанда өткізген тағы бір шығармашылық адамы –Тен Чудың музыкалық мұралары Кванджудағы Азия орталығында сақтаулы. Композитор, Қазақстандағы корей диаспорасының өкілі Алматыдағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде абыроймен қызмет атқарды. Осыдан 4 жыл бұрын Тен Чу дүниеден озды. Азия мәдени орталығы оның музыкалық мұраларын халыққа таныстыруды жөн санайды.

Сонымен қатар, мәдени орталықтың кітапханасынан Азия елдері жазушыларының шығармаларымен танысуға болады.

 

ПАН СОН ГЮ, АЗИЯ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біздің орталық 2015 жылдың соңына қарай ашылды. Әзірге Қазақстанның мәдениеті туралы жинаған материалдарымыз көп емес. Сондықтан, сіздердің мәдениет және спорт министрлігімен келісіп жатырмыз. Олар да бізге көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Әзірге, корей тіліне қазақтың «Жезтырнақ», «Пері және Мамай» ертегілері аударылып, сахналанды.

 

Биыл Қазақстан мен Корея арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толады. Осы айтулы датаға орай Азия мәдени орталығы қазақстандық жазушылар мен суретшілердің көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қазақ ертегілерінің жинағын басып шығармақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер