Қазақстанның құнды тарихи нысандары жөнінде арнайы карта әзірленеді. Бұл отандық туризмді дамытуға септігін тигізетін ауқымды жоба болмақ. Ұлттық бірегейлігімізді әлемге танытатын ескерткіштер картасына Ұлытау, Шығыс Қазақстан өңірлерінің, Тараздың көне ескерткіштері, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Бекет-ата қорымы, Жетісудың тарихи орындары, бағзы қалашықтар енгізіледі. Қазақстан өзінің тарихқа бай мәдени байлығымен әлемге танылуы керек, дейді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Ол Дискавери және Нэшнл Джеографик арналарымен бірлесіп, қазақ елі туралы ғылыми-танымдық фильмдер түсірілетінін де жеткізді.

 

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

 - Еліміздің мыңжылдық тарихында біз алғаш рет қоғамдық сананың жаңғыруына мәдени генетикалық кодтың сақталуына бағытталған сындарлы қадам жасап отырмыз. Елбасы атап өткендей, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу». Бұл бізге ұлттық біртектілігімізді сақтай отырып, санамыз бен ойлау көкжиегімізді кеңейтіп, мәдени жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. 

 

Қазақ жерінде сыры ашылмаған тарихи ескерткіштер жетерлік. Жақында Семей маңынан табылған көне қорғандар – соның бір дәлелі. Жергілікті өлкетанушылар анықтаған 15 ғажайып ғимарат Семейтау ішінде орналасқан, тұрған тәртібі де ерекше. Бұл жаңалық ғарыштан түсірілген суреттер арқылы ашылып отыр. Тау ішін екі жыл бойы зерттеген тарихшылар қола белдіктің басын да тауып алған. Әзірге бұл қорғандарды ерте темір дәуіріне жатқызып отыр.

 

МАРАТ САСАНОВ, «ПРИИРТЫШЬЕ» ӨЛКЕТАНУШЫЛАР ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Бұл Шығыс Қазақстан облысында табылған құнды геоглиф деуге әбден болады. Дегенмен, көне қорғандарды әлі де жан-жақты зерттеу керек. Өйткені әр түрлі жорамал бар. Тіпті біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдыққа тиесілі дейтіндей жәдігерлер табылған. 

 

Қорғандарды тыңғылықты зерттеу жұмыстары Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының мамандарымен бірлесе атқару көзделіп отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер