Әлем таныған Димаш! Осындай атаумен Астанада талантымен талайды таңдай қақтырған Димаш Құдайбергеновтың концерті өтті. Қытайдағы «Мен әншімін» жаһандық жарысында топ жарған ұланын Ұлы дала елі ерекше құрмет, ыстық ықыласпен қарсы алды. Қаумалаған қалың жұрт қолтаңба алып, суретке түсуге асық.

Орталық концерт залында ине шаншар жер қалған жоқ. Димаш өз елінің мұндай құрмет-қошеметін зор ықыласпен қабылдады.

Димаш ә дегеннен, сөзінің әлқиссасын әнмен бастап, көпшілік көңілін бірден көкке көтеріп тастады.

Кешегі Әміренің жолын жалғаған күміс көмей дүлдүл Димаш Қытайдағы «Мен әншімін» байқауы арқылы қазақ атын әлемге әйгіледі. «Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады». Димаштың өмір мен өнердегі ең басты жанкүйерлері ата-анасы да елден ерек мәре-сәре болып жүр.

 

ҚАНАТ АЙТБАЕВ, ДИМАШТЫҢ ӘКЕСІ:

 - Өнер адамын өсіретін, қанаттандыратын халықтың ықыласы ғой. Сондықтан тақымын қысып, өз отбасының баласындай үлкен қолдау білдіріп отырған барлық біздің елімізге, халқымызға үлкен алғыс айтамыз!

 

Бұл кеш еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Шараның басты қонақтары - Димаштың ата-әжесі де сахна төріне шақырылды. Жібек шапан жабылып, сый-сияпат берілді. Димаш енді тек бір әулеттің ғана емес, ұлт пен жұрттың ұлағатты ұлына айналды.

 

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

 - Әр кезде өзіміз Қазақстанмен, елмен бірге бөліскіміз келеді. Сол себепті біз арнайы ұйымдастырып, Димаш өзі де білсін халықтың қалай жақсы көретіні, екінші шетінен міне халыққа да көрсетіп міне біздің келген жеңімпазымызға ұйымдастырылған кеш.

 

Керемет кешке келген өнерсүйер қауым әуезді әннің ырғағына тербелді.  Димаш бағындырған бұл белес – Қазақ елінің де үлкен жеңісі!

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер