ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі шеңберінде Астанада Миланның әйгілі «Ла Скала» театрының гастролі өтеді. Еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықовамен кездесуде театрдың бас директоры Александр Перейра мәлім еткендей, өнер ұжымы толық құрамда келгелі отыр. Белгілі болғанындай, Қазақстан елордасындағы «Ла Скала» қойылымдары қыркүйектің 1-і мен 10-ы аралығына  белгіленіп отыр.

 

АЛЕКСАНДР ПЕРЕЙРА, «ЛА СКАЛА» ТЕАТРЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Мәдени бағдарлама шеңберінде біздің ұжым «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетеді. Біздің  артистерімізге  Қазақстан елордасында өнер көрсету – үлкен мәртебе. «Ла Скала» өз тәжірибесімен  бөлісіп қана қоймай, көптің көңілінен шығады деген ойдамыз.

 

Театр қойылымдарына билетті қазірден сатып алуға мүмкіндік бар. Италиялық өнер ордасы елордада Джузеппе Вердидің «Фальстаф» операсын сахналайды. Онда ақсүйек Джон Фальстафтың қызықты оқиғалары баяндалады. Сондай-ақ, «Ла Скала» артистері неміс композиторы Людвиг ван Бетховеннің №9 симфониясын ұсынады. Театр өкілдері гастроль бағдарламасы қазақстандық және шетелдік көрерменнің көңілінен шығатынына сенімді.

 

АЛЕКСАНДР ПЕРЕЙРА, «ЛА СКАЛА» ТЕАТРЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - «Фальстаф» операсының негізіне Шекспирдің «Виндзорлық сотқарлар» комедиясы мен IV Генрих тарихи хроникасынан көріністер алынған. Қойылым көрерменді бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені, оқиғалар желісі өте қызықты. Ақсүйек Фальстафтың басынан кешкен махаббат  пен оның қартайған кезінде жастық шағын аңсауы, бәрі шебер суреттеледі.

 

Италиялық өнер ұжымы Астанаға бұған дейін 2014 жылы гастрольмен келген болатын. Ол кезде «Ла Скаланың» орындауындағы «Дон Кихот» балеті бес күн қатарынан қойылып, қазақстандықтардан басқа, ТМД елдерінің тұрғындары арнайы келіп, жалпы саны – 6 мыңнан аса көрермен тамашалаған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер