Қазақ өз баласын қашанда елжанды, ержүрек антына адал, сертіне берік азамат етіп тәрбиелеуге үлкен мән берген. Оның жарқын белгісі атадан балаға тараған халық ауыз әдебиетінің батыр тұлғалы кейіпкер «Ер Төстік» ертегісінде жатыр. Қазақ фольклорындағы өшпес өсиетті туынды кәсіби сахна тіліне көшірілді. «Astana Musical» театры көпшілікке жақсы таныс эпосқа заманауи рең беріп, жаңаша  үлгіде ұсынып отыр.

 

САЛАМАТ МҰҚАШЕВ, АКТЕР:

 - Бұл жерде вокалдық шығармалар өте көп. Диапазонды шығармалар өте көп. Біздің басты құралымыз дауыс болғаннан кейін, мюзикл жанры болғаннан кейін ән айтылады жанды дауысты. Сахна қозғалысы бар, билеріміз бар, трюктеріміз бар.

 

Шымылдық түрілісімен-ақ сахнаның безендірілуі көздің жауын алып, бірден көрермен назарын өзіне баурай білді. Ауқымды декорация, күрделі бейнеинсталяциялар, қиялдан туған сан-түрлі костюмдер, актерлердің ерекше образы театр қонақтарын ертегі әлеміне еліктіріп әкетті.

Тұшымды диалог, жан тебірентер әуен, жанды дауыста шырқалған жыр шумақтары мен бірегей хореография қойылымның көркін одан бетер аша түсті.

 

БОЛАТБЕК  НҰРҚАСЫМОВ ,КОМПОЗИТОР:

 - Мюзикл бірнеше жанрды қамтиды. Оқиғалар желісі симфониялық музыкамен қатар, заманауи әуендердің сүйемелдеуі арқылы  құрылған. Сюжеті мен музыкалық әрлеуі де ұлттық нақыш пен  бүгінгі шытырман голивудтық үлгінің үйлесімдік табуының жемісі.

 

Бұл жолы да Ер Төстіктің жерасты патшалығының зұлымдық күштерімен күресіне сенімді серіктері қолғабыс болады. Тек мюзиклда жақтастарының қатары артқан. Күрделене түскен сюжетте қара күшті жеңіп, қараңғылықты сейілту үшін қазақ ертегілерінің жағымды кейіпкерлері жұмылдырылған. 

 

ӘННӘС БАҒДАТ, ЛИБРЕТТО АВТОРЫ:

 - Бірнеше қабаттан тұрады. Бірінші эфектілік тұрғыдан балаларға арналған қарапайым сюжет, ертегінің негізінде. Екіншіден, түркілік мифологиялық топтарға құралған сакралды сюжет бар. Үшіншіден, әрике көрген көзі қырағы көрермен үшін барлық діндерге ортақ аңыздардың сюжеті жатыр. Әр көрермен өзінің қалауынша, өзінің түсінгенінше сюжеттерді көре алады.

 

Аңыздың бейнес өзгертілгенімен, түп мағынасы мен мән-маңызы бәз-баяғы қалпында сақталған. Мазмұны батырлықтың үлгісі ғана емес, ізгілік пен зұлымдықтың ара-жігін қарапайым дүниелер арқылы ашып көрсетеді.  Туындының басты мақсаты –жас ұрпақтың санасына жақсылық, абырой, ақыл, намыс, достық сынды жоғары адамгершілік сапаларын ұялатып, бойына отансүйгіштік қасиетін сіңіру мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер