«Нұрлы Жібек жолындағы қауышу». Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі мен Қытайдың мәдениет министрілігі Бейжіңде осындай атаумен концерт ұйымдастырды. Мерекелік кеш - екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың 25 жылдығына арналды. Қазақстандық артистер Қытайдың ұлттық телевизия және радиосының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. 

 

АЙМАН МҰСАҚОЖАЕВА, ҚР ХАЛЫҚ АРТИСІ:

 - «Бәріміз осы концертке қатысып, өте ризамыз, өте бақыттымыз. Сол концертімізді мына Қытай мен Қазақстанның 25 жыл дипломатиялық қатынасына арнаймыз».

 

Бейжің Ұлттар Университетінде және Бейжің  Консерваториясында білім алған Майра Мұхамедқызы да өз өнерімен қалың көрерменнің қошеметіне бөленді. Әсіресе, қытайлықтарға «Уо ай ни» шығармасы қатты ұнады. Сонымен бірге, «Шат» фольклорлық ансамблі, баритон Азат Мәлік те өнерімен тәнті етті.

 

ВАН ШИМЭНЬ, БЕЙЖІҢ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - «Мен қазақ әндерімен бұрыннан таныспын. Бүгін қазақстандық скрипкашы өнер көрсететінін біліп, арнайы келдім. Концерт қатты ұнады. Димашты бұл концертте көргеніме қуанып тұрмын».

 

Димаш Құдайберген мерекелік кеште ағылшын және қытай тілінде екі ән орындады. Тағы да қошемет, ыстық ықылас.  

 

СИЯ МЭЙ, БЕЙЖІҢ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - «Бүгінгі концерт өте жоғары деңгейде өтті, маған қатты ұнады. Қазақстандық өнерпаздардың өнеріне тәнті болдым. Димашты да осы концертте көруге мүмкіндік алдық, менің қуанышымда шек жоқ. Себебі мен Димаштың табынушыларының бірімін».

 

Қазақтың өнер тарландарының шеберлігіне тәнті болған көрермен ақ тілегін жаудырды. Құшақ тола гүл сыйлап, естелік суретке түсті. Қолтаңба алуға асықты. Ең бастысы бұл концерттен рухани азық алып, керемет демалдық, дейді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер