Қытайда қазақ әніне әуес тыңдармандар көбейді. Әсіресе, жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің халықаралық байқауда сәтті өнер көрсетуінен кейін аспан асты елінде қазақ музыкасына, мәдениетіне қызығушылар саны еселеп артты. Чэнь Чинши 30 жаста. Мектепте музыка пәнінен сабақ береді.

 

ЧЭНЬ ЧИНШИ, МУЗЫКА ПӘНІ МҰҒАЛІМІ:

- Димаштың әндерін естігеннен кейін қазақ мәдениетіне, тіліне деген қызығушылығым артты. Мен қазақ әндері осыншалықты тартымды, әсерлі болады деп ойламаппын. Оның «Дайдидау» әнін қайталап тыңдаған сайын көзіме жас келеді. Димаштың әндері еріксіз баурап әкетеді. Өзіңді сол әннің ішінде жүргендей сезінесің. Қазір мен қазақ тілінде ән айтсам деп дайындалып жүрмін. Бірақ алдымен қазақша үйренуім керек.

 

Димаштың қытайлық әлеуметтік желідегі оқырман саны 3 миллион 430 мыңнан асты. Сина Вэйбода Димаш туралы 84 мың видео жүктеліп, оның қаралымы 3 миллиард 640 миллионға жетті. Осылайша, дарынымен миллирдтар елін таңдай қақтырған қазақ баласы өз елін өзге елге танытты, беделін асқақтатты. Арманы да сол еді, дейді Димаштың анасы.

 

СВЕТЛАНА АЙТБАЕВА, Д. ҚҰДАЙБЕРГЕННІҢ АНАСЫ:

- Бұл мемлекетте де көп тыңдарман тапты, қолдаушылар тапты. Ал, енді Қазақстандағы Димаштың тілеуін тілеп отырған ағайынның, бауырларының тілегінде ешқандай шек жоқ. О баста осы байқауға қатысқан кезде Димаш "ең болмаса орта тұсына дейін жетсем, өз елімді, өз ұлтымды, өз өнерімді, өз болмысымды таныстам қазақ елін танытсам болар еді" деген бір арманы болған.

 

Еске салсақ, Қытайдағы I am Singer байқауында бағы жанған жерлесіміз Димаш Құдайберген екінші орынды иеленді. Бірнеше кезеңнен тұратын өнер додасында жас әнші көптің ықыласына бөленіп, ән айту мәнерімен талайды таңдай қақтырды. Ұлы даланың ұланы жер-жаһанға ұлтымызды ұлықтап, еліміздің мерейін асырды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер