«Астана Опера» театрында балет өнерінің озық туындысы «Манон» сахналанбақ.  Әйгілі британ хореографы Кеннет Макмилланның драмалық балеті 28шы және 29шы сәуір күндері елордалықтарға ұсынылады. Қойылымды сахналау белгілі балетмейстерлер Карл Барнетт пен Патриция Руаннға тапсырылған. Корольдік  Ковент-Гарден театры репертуарындағы балет Антуан Франуа Превоның «Кавалер де Грие мен Манон Лесконың тарихы» романы желісі бойынша сахналанбақ.  «Астана Опера» артистері премьераға 2 айға жуық уақыт бойы дайындалған. Бас партияны Әйгерім Бекетаева мен Мәдина Басбаева сомдайды.

 

КАРЛ БАРНЕТТ, ҚОЮШЫ-БАЛЕТМЕЙСТЕР /ҰЛЫБРИТАНИЯ/:

 - «Манон» - аса ерекше балет. Техникалық жағынан ол тек артистер үшін ғана емес, сахна қызметкерлері, безендірушілер мен костюм жасаушылар үшін де күрделі әрі қиын. Осындай үлкен жұмысты жүзеге асырып, қайталанбас қойылым көрсетеміз деп сенемін.  Мен қазақстандық әртістермен жұмыс істегеніме қуаныштымын.

 

Балетте Манон Леско мен кавалер де Гриенің қайғылы махаббаты баяндалады. Кейіпкерге махаббат пен байлықтың біреуін таңдау қажет. Драмалық оқиғаның басты назарында– Манон мен де Гриенің па-де-десі. Қайғылы жағдай көпшілік жаппай қатысатын сахна аясында өрбиді.  Сондай-ақ, әр кейіпкердің әбден ойластырылған өз партиясы бар. Яғни  балет үздіксіз көрініске толы.

 

АЛТЫНАЙ АСЫЛМҰРАТОВА, «АСТАНА ОПЕРА» БАЛЕТ ТРУППАСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

 - Балет аса күрделі, ол «Гранд-Опера» сынды үздік театрларда қойылды. Демек, деңгей өте жоғары. Біздің артистеріміз үшін бұл жаңа тәжірибе болды. Батыс техникасы, дуэттерге басымдық беру, сезім. Бір сөзбен, бұл – әсем әуеннің драмалық балеті. 

 

«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова бас партияны аңызға айналған лондондық сахнада бірнеше рет биледі. Ол образды сомдау барысында Кеннет Макмилланның өзімен жұмыс жасаған. Британдық хореограф жүзеге асырған көптеген қойылым ішіндегі үздігіне қазақстандық балет труппасы тұтас қатысады,-дейді труппа жетекшісі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер