Елордада Корея халық өнерінің кеші өтті. Өнерпаздар таң самалы елінің екі мыңжылдық тарихы бар мәдениетін барынша танытатын бағдарлама құрып әкеліпті. Ұлттық аспаптар салтанат құрған концертте дәстүрлі музыка  әуелеп, халық әндері тамылжыта шырқалды. Мың бұралған бишілер көне және заманауи би қимылдарымен кеш көркін аша түсті. Тамыры тереңде жатқан салт-санадан сыр шерттер театрландырылған қойылымдар ұсынылды.

 

КИМ ХЭ СЮК, КОРЕЯ ӨНЕРІ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің өнер орталығы ежелгі Корея мәдениетін жаңғыртып, сақтап қалу мақсатында құрылды. Сондада  тек ескі дәстүрді жетілдірумен шектелмейміз. Заман талабына сай халықтың сұранысына ие болып жүрген жаңа өнер түрлерімен түрленіп келеміз. Төл мәдениетімізді өзгелерге танытып насихаттау үшін сырт елдерге жиі шығып тұрамыз. 

 

Концерттік бағдарлама Қазақстан мен Корея елдерінің ынтымақтастық орнатуының 25 жылдығына арналды. Мерейтойлық дата аясында Корея мюзикл театры, ұлттық таэквандо шеберлері өнері мен көрмелер ұйымдастырылатын болады.

 

ЛИ ДЭ-ВОН, КОРЕЙ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Биыл көптеген мәдени шаралар жоспарланған. Біз Қазақстанға тек Корея елінің өнерпаздарын шақырумен шектелмейміз. Жуырда танымал Корея фотосуретшісі осында келіп, Қазақстанның бүгінгі кейпін түсіріп кетті. Жақында екі елде де сол жұмыстарының көрмесі өтеді. Сондай-ақ, қазір жергілікті өнерпаздар Кореяға барып, қазақ мәдениетінен сыр шертер концерт беру үшін дайындалып жатыр.

 

Ал ЕХРО көрмесі аясында өтетін Корея елінің ұлттық күні үлкен гала-концерт ұйымдастырылады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер