Натюрморт, пейзаж,  портрет.  Елордаға Атырау өңірінен жеткізілген картиналардың тақырыбы саналуан. Аймақтың бай мәдени мұрасы Тұңғыш Президент кітапханасында ашылған көрмеде жұртшылыққа паш етілді.  Келушілер Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер  музейі қорындағы 60 еңбекпен таныса алды.  Әрқайсысы – қайталанбас туынды. Алайда бәрін туған жерге деген махаббат біріктіреді.  Экспозицияда музейге есімі берілген Шаймардан Сариев жұмыстарының алар орны ерекше. 

 

ТӨЛЕГЕН ОРЫНБАСАРҰЛЫ, Ш. САРИЕВ АТЫНДАҒЫ КӨРКЕМСУРЕТ ЖӘНЕ СӘНДІК-ҚОЛДАНБАЛЫ ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Биылғы Атырау музейінің шаралары екі үлкен мерейлі датаға арналып отыр. Шаймардан Сариевтың 80 жылдығы және музейдің 25 жылдығы. Осы көрме топтамасында Шаймардан Сариевтың туындылары және қорымыздың алуандығын көрсететін туындыларымыз да бар. 

 

«Мен бояуларды қазақша үйлестіремін». Суретші Шаймардан Сариев өзінің ерекше стилін осылайша дәлме-дәл сипаттаған. Шебер картиналарына сыйдыра алмаған толғанысын өлең жолдары арқылы жеткізген. Мұнымен қоса, Шаймардан Сариев – өнер жайлы трактат жазған жалғыз суретші.

 

КҮЛПАШ САРИЕВА, СУРЕТШІНІҢ ЖАРЫ:

 - Ол қазақ ұлттық өнерінің дамуына зор үлес қосты.  Өйткені оның жұмыстарын көрген адам қазақ суретшісінің қолтаңбасын бірден байқайды. Ол осы қырымен ерекше. Өнертанушылар Шаймарданды қазақ ұлттық өнерінің негізін қалаушылардың бірі деп біледі.

 

Көрмеде сәндік-қолданбалы өнер туындыларын да көруге болады. Ағаш және  былғарыдан жасалған заттар  - атыраулық қолөнер шеберлерінің туындылары. Ұйымдастырушылар заманауи суретшілер мен қолөнершілердің жұмыстарын топтастыруды мақсат еткен. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер