Елорда төріндегі Ұлттық мұражай қабырғасында ирандық «Араз» ән-би тобы жеке концертін берді. Шығармашылық кеште парсы әндері шырқалып, ұлттық билері орындалды. Ұжымның репертуары өзге де түркі тілдес халықтардың дәстүрлі өнерін қамтиды. Бұған дейін әлемнің түрлі елдерінде өнер көрсеткен топ елімізге алғаш рет ат басын тіреп отыр.

 

МУХАММАД МУХАММАДИ, «АРАЗ» ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Біздің тобымыз 20 жыл бұрын құрылды. Ондағы мақсат – ұлттық өнерімізді жаңғырттып, дәріптеу. Сол уақыттан ел ішінен бөлек сырт мемлекеттерде өзіміздің ән-биімізді насихаттап келеміз. Түркия, Йемен, Армения, Әзербайжан, Ресей сынды көршілес елдермен қатар Еуропаны біраз аралап, дәстүрімізді таныстырдық. Қазақстанға жасаған алғашқы сапарымыз көңілімізден әбден шықты. Жергілікті азаматтар барынша қонақжайлық танытып жақсы қарсы алды.

 

Иран мен Қазақстанның саяси, экономикалық әріптестігімен қатар, тамыры тереңде жатқан мәдени байланысы жанданып келеді. Еліміздегі Иран елшілігінің қолдауымен өткізілген шара осының бірден-бір айғағы.

 

ЗЕЙНЕДДИН ШЕЙХ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИРАН ЕЛШІСІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Қос ел халықтары арасында көнеден келе жатқан әдеби, тарихи, мәдени, діни ортақтастық, бауырластық бар. Өткізіліп жатқан  шаралар осы қарым-қатынасымызды әрі қарай нығайтып, бекемдеуге өз септігін  тигізетініне сенімдімін. Алдағы ЕХРО көрмесінде Иран Ислам республикасының ұлттық күні өтеді. Онда ирандық өнерпаздар дәстүрлі мәдениетімізден сыр шерттетін бағдарлама ұсынады.

Шығармашылық кеш қос ел арасында орнаған ынтымақтастықтың 25 жылдығына арналып ұйымдастырылды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер