Ғарышпен сурет арқылы байланыс. Елордадағы Тәуелсіздік сарайында суретші, дизайнер, сәулетші Бақтыбек Талқанбаевтың «Эволюцияға қызмет» атты көрмесі ашылды.  Оның туындыларын тамашалаған адам автордың сабырлылығы мен қиял күшіне таңырқаудан жалықпақ емес. Дәлме-дәл сызылған пішіндер, ерекше үйлесімділік, түстердің саналауандығы. Суретшінің әрбір туындысын осылайша сипаттауға болады. Кенеп бояумен қатар, матадан қиылып, жабыстырылған туындылар да көздің жауын алады.

 

ТІЛЕУКЕШ ЖАУБАСОВА, ӨНЕР ЗЕРТТЕУШІСІ:

- Басқа суретшілерден ерекшелігі – жандылығында. Бұл кісі бірнеше жылдар бойы Мәскеу қаласында болған екен. Сонда суретшілер таң қалған, космоспен, адамның жан-дұүниесімен байланысты.

 

Көрмеге автор жұмыстарының оннан бір бөлігі ғана қойылып отыр. Біразы 100 мың доллардан астам сомаға бағаланса да, суретші еңбектерін сатпай, өнерсүйер қауыммен қауыштыруды жөн санаған.  Бақтыбек Талқанбаев өз туындыларының келушілерге күш пен денсаулық беретініне сенімді. Сегіз қырлы, бір сырлы суретші – «Әмбебап код» атты жүйкені оңалтатын сурет техникасының авторы.

 

БАҚТЫБЕК ТАЛҚАНБАЕВ, СУРЕТШІ:

- Швейцария, Германия, Францияда бұл заттарды көрсеттік. Барлық жерде таң қалу бар. Түсіндірмей-ақ көздерінің көз жастары шығып кетеді. Өйткені адамның жаны өзі қабылдайды. Жақсы адамды көрсек, қуанамыз ғой,  сол сияқты. Өйткені жақсы энергия шығады. Картинада да солай. 

 

Автор мен оның шәкірттерінің жұмыстары қазіргі таңда Жапония, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Норвегия сынды елдердің жеке коллекцияларында сақтаулы. Бақтыбек Талқанбаев болса, Леонардо да Винчи атындағы медальмен және Гиппократтың «Мамандығы мен қызметіне адалдығы үшін» орденімен марапатталған. Яғни өнерін әлем мойындап отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер