Талай жастың дарынына қанат бітіріп, өнер әлеміне ұшырып жүрген «Жастар» театрының енді бір еңбегінің жемісі. Жаңа қойылым режиссері, сценарий авторы, әрі өзі әрлеген схнада жалғыз кейіпкерді сомдап шыққан актер Дәурен Серғазин. Шығармашылықтың сан түрлі қырын қатар алып жүрген сахна саңлағы тереңнен ой тастар монолог оқып, лирикалық әндер шырқап көрермен жүрегін тербей білді.

 

ДӘУРЕН СЕРҒАЗИН, АКТЕР:

- Моноспектакль біздің театрда бірінші рет, сол қадамға өзімде алғаш рет бардым. Өзімнің ән жазып ермек қылатыным бар. Осы әндерді қайтсем екен, қайда қолдансам деген ой мазалап жүрді. Сонда бір ой келді әндерді моноспектакль кезінде алып шықсам деген. Жәнеде моноспектакль ол қадам актерлікті шыңдау, режиссерлықты шыңдау. Әрине алда талай жұмыс бар. 

 

Жас режиссер музыкалық моноспектакльге 10-ға тарта авторлық әндерін қосып, Оралған Бөкейдің «Ұйқым келмейді» атты әңгімесін сахна тіліне көшірген. Моноспектаклде жасында аңдымай жүріп от басып алған жігіттің тағдыры баяндалады. Махаббаттың уына тұншыққан күйде сүйгенін өксітіп, өз өміріне өшпес сызат түсіреді. Нәтижесінде қолын уақытынан кеш сермеген бас кейіпкердің ұрпағы үзіліп, тегі жоғалып қалады. 

 

НӘЗЕРКЕ ЖҰМАБАЙ, ӨНЕРТАНУ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ МАГИСТРІ

- Адамның бірін-бірі бағаламауының салдарынан осындай сәттер, осындай келеңсіздіктер туып жатады. Соңында жас баланың, нәрестенің зардап шегетіндігі сияқты дүниелерді қозғайды. Жалпы періштенің көз жасы алысқа апармайтынын, қай-кезде үлкен өкінішке әкеліп соқтыратынын  осы шығарма арқылы жастарға көрсетіп, оларды таза сезімге, бір-бірінің адамгершілік қасиеттерін жоғары қоюға үндегісі келеді. 

 

Көрерменнің дені – жастар. Бір жарым сағаттық тәрбиелік мәні зор жаңа қойылымды жиналған қауым  ұйып тыңдап, ерекше ықыласпен тамашалады.

 

БЛИЦ:

- Дәурен Серғазин ой толғанысын шынайы түрде бейнеледі. Сол кездегі жан дүниесін, ішкі сырын айта алды. Барлығының санасына қатты сіңді. Бұл актердің шеберлігі.

- Мен Ақтөбе қаласынан келіп тұрмын. Бүгін осы спектакльдің премьерасы болады деген соң әдейі Астанаға келген жайым бар. Спектакльдің жастарға берер ойы, рухани тәрбиесі зор. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер