«Қына тастан, өнер-білім жастан шығады» дейді халық даналығы. Киелі қазақ жері түлеткен дарынды-ұл қыздарымыз қазыналы елдің өнегелі өнерін лайықты жалғастырып келеді. Білімді  санат, өнерді қанат еткен Назарбаев Зияткерлік мектебі, Халықаралық бакалавриат мектебінің биылғы түлегі Камила Илимбаева – музыка әлеміндегі ерекше құбылыс.

 

12 музыкалық аспапта еркін ойнайтын бұрымды «оркестр адам» іспеттес. Жас дарын сарыны мен орындау мәнері әрқилы үрмелі, соқпалы, ішекті және пернелі аспаптарды бірдей меңгеріп алған. Атап айтатын болсақ, домбыра, қобыз, сазсырнай, мандолина, скрипка, гитара, саксофон,  флейта,  баян, фортепиано мен барабанда асқан шеберлікпен ойнайды.

 

Саусағынан саз тамған бойжеткен әнді де тамылжыта шырқайды.  Биді де кәсіби деңгейге жеткізіп алыпты. Сан қырлы өнерімен елішілік, халықаралық байқаулардың жүлдесіне ілігіп жүр. 5 тілде сөйлейтін полиглот. Оқуының үздігі спортқа бейім, қайырымдылықа үндейтін игі шаралардың бастаушысы.

 

КАМИЛА,ИЛИМБАЕВА, ОҚУШЫ

- Мен қандай мамандықты таңдасам да, өнерді және спортты дамыта беремін. Өйткені спорт денсаулығымызға пайдалы болса, өнер көптеген өзге жақтарымызды дамытады. Сондықтанда мен әрине қазақтың ұлттық аспаптарын көбірек зертегім келеді. Қобыз домбырамен қатар басқада аспаптарда ойнағым келеді.

 

Білім қуған жастардың ошағына айналған аталмыш білім ордасының енді бір шәкірті Ерасыл Жәмкенде «Жігітке жеті өнерде аз!» деген нақылды ұстанады. Жастайынан ән-күйге ынтық болып, бір бойына бірнеше өнер дарытқан. Әсіресе, қазақтың құдыретті күйшілік өнерін өрбітуге үлес қоссам дейді. Өрімдей жас сазгерлік қабілетімен танылып келеді. 

 

ЕРАСЫЛ ЖӘМКЕН, ОҚУШЫ

- Кезінде менің Сазанбай бабам өз ерлігін көрсетіп жау жерінен Көкжайдақ жылқыларын өз еліне қайтарып айдап әкелген. Осылайша, ол өз халқын жұттан қорғап қалды. Сол оқиғаның естелігі ретінде, құрмет ретінде осы күйді жаздым. 

 

Ерасыл да қатарласы Камила сынды түрлі аспаптың қыр-сырын меңгеріп жүр. Әуестіктері үндескен қос дарын бүгінде дуэт құрып, ән шырқайды, бір ансамбльде  музыкалық аспаптардың мүмкіндіктерін паш етуді мақсат етеді. Озар елдің қызы мінезді, ұлы өнерлі келеді. Кемел білім, саликалы тәрбие көріп өскен жастарымыздың алар асуы әлі алда.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер