Қысқа да нұсқа мәнерде түсірілгенімен өзіндік ойы мен терең мағынасы бар, өзекті деген мәселелердің күрмеуін босатуға үндейтін кино туындылар. Елордада қысқаметражды бейне жүмыстар байқауы мәресіне жетті. Отандық кино өндіріс майталмандарының шабытын оятып жас режессерлердің дарынын ұштайтын игі шараны Қазақстандағы АҚШ елшілігі осымен екінші мәрте ұйымдастырып отыр.

 

ДЖОН МАРК ПОММЕРШАЙМ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АҚШ ЕЛШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

- Біз мұндай шаралар екі ел ынтымақтастығын сабақтастыра түсіп, қос мемлекет халықтарының достығын нығайтады деп санаймыз. Өткен жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толды. Ширек ғасырда саяси, экономикалық, сауда-саттық әріптестік пен қатар мәдени байланысымызға жан бітіп, сызат түскен емес. Байқау осының бірден-бір айғағы деп білеміз.

 

Байқауда бақ сынаған қысқаметражды фильмдер екі күннің, яғни 48 сағаттың ішінде түсірілді. Басты талап осы екі тәулік бойына негізгі ойың мен сценарий мазмұнын 4 минутқа дейін созылатын бейне таспаға жазып, қазылар алқасына жолдау. Бап таластыруға ниет танытқандарға баршаға ортақ «Біз жасайтын нәрселер» тақырыбы берілді. Еңбектерінде « Болашақ бұлай болады деп кім ойлаған?» деген сөйлем, терезе мен шамның көрінісі болуы міндеттелді.

 

ӘЛІБЕК ӘЛИЕВ, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ

- Біздің көп сценамыз түнде болғандықтан таңатқанша түсірдік. Астанада өте суық болды 40 градусқа дейін. Соған қарамай біз фильмді түсіріп шықтық. Филміміздің атын «Параллель» деп қойдық. Ол адамның ішкі қорқынышы туралы. Жанры триллер, хоррор.

 

Қазылар алқасы байқауға қатысқан фильмдердің ішінен бірнеше картинаға арнайы сыйлық тағайындады. Жүлденің бірі «Дело номер 96» кинотуындысын ұсынған Алматылық «Yes Films» ұжымына бұйырды. Шығармашылық топ еліміздегі белді режиссура мен монтаж мектебінде бір жыл тегін оқу жолдамасын жеңіп алды.

 

«YES FILMS», БАЙҚАУ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ

- Бұл байқау киномайталмандарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бастысы өнерімізді өрбітуге шектеу қойылмайды. Тақырып аясында бар шеберлігімізді жайып салдық. Бүз үшін шараның бергені мол. Әуестігімізді кәсіби тұрғыда шыңдау мүмкіндігін алдық.

 

Жалпы байқауға қатысуға еліміздің жер-жерінен 1200 өтініш келіп түскен. Олардың барлығы сараланып жүлдеге таласуға лайықты деген 320 жұмыс алынды. Ал 48 еңбек қорытынды кезеңде қазылар алқасының сын садағына ілікті. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер