Әлемнің үздік деген жас бишілері Қазақстанда бас қосып, өзара сынға түсті. Алматы қаласы кезекті халықаралық «Өрлеу» хореографиялық байқауының қатысушыларын қабылдады. 2 жылда бір рет өткізілетін өнер сайысында Біріккен Араб Әмірліктері, Тайланд, Жапония, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің 120 бишісі бақ сынап, бап таластырды. Жылдан-жылға ауқымын кеңге жайған балет бәйгесінде өнерпаздар 3 кезең бойынша іріктелді. Қатысушылар классикалық, заманауи және халық билері бойынша шеберлік байқасты. Бишілерге, көпті дарынымен тамсандырған балет майталмандары мен хореографиялық білім берудің көрнекі қайраткерлері қазылық етті.

 

ОЛИЯ ВИЛЬДАНОВА, БАШҚҰРТ ХОРЕОГРАФИЯ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ 

- Біз бір-бірімізге қарап, шеберлік алмасамыз. Қай тұрғыдан болмасын. Байқаудың мақсаты біреуді сынап, асып түсу емес. Өзгенің артықшылықтарын өзімізге ендіріп, біздің мүмкіндіктерімізді  басқаға таныту. Ортақ мақсатымыз – балет әлеміне лайықты шәкірт тәрбиелеу. Бұл байқаудың әр қатысушыға беретіні мол. Болашақ жұлдыздар осындай сахна сындарынан түлеп ұшады.

 

ВАКИЛЬ УСМАНОВ, ХОРЕОГРАФ, ҚОЮШЫ-РЕЖИССЕР /АВСТРИЯ/

- Фестивальдің бағдарламасымен танысқанымда қазақстандық хореографияның қаншалықты күрделі әрі тақырыптық аясы бай екеніне көз жеткіздім. Би қимылдары мен олардың үйлесімді қойылуы, мазмұны мен образы көздің жауын алып, тамсандырмай қоймайды. Сондықтан да байқаудың дәстүрлі түрде өткізіліп тұруы аса орынды деп санаймын.

 

Естеріңізге сала кетейік, «Өрлеу» байқауы ҚР Тұңғыш Президентінің қоры мен Селезнев атындағы хореография училищесінің ұйымдастыруымен 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Биылғы шара қазақ балетінің хас шебері Зәуірбек Райбаевтың 85 жылдық мерейтойына арналып отыр. Сайыскерлер атақты балетмейстер қойған «Аса-таяқ», «Шолпы» және «Қазақ өрнектері» сынды көпшілікке танымал билерін орындады.

 

АРМАН СЕРІК, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ

- Фестифаль маған өте ұнады. Зәуірбек Райбаевты танымайтын қазақ жоқ деп ойлаймын. 85 жылдығына арнайы келіп, Абай театрында билеп жатқанымызға өте қуаныштымын, мақтанамын.

 

Байқау жас балет әртістерінің ең үздік нөмірлерінен құралған гала-концертпен аяқталды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер