Қазақша ет, бауырсақ және наурыз-көже британдық отбасылардың күнделікті ас мәзіріне енді. ХІХ ғасырда еуропалықтардың ішінен тұңғыш болып Томас және Люси Аткинсондар Қазақстанды зерттеген еді. Өткен жылы Алматы облысына саяхаттаған отбасы жергілікті халықтың қонақжайлығына, ұлттық ас мәзіріне тәнті болған. Британияға оралған соң бауырсақ дәмін аңсап, дүкеннен іздеп таба алмаған. Қазақ студенттерінің шеберлік сабақтарынан кейін олар тек бауырсақ қана емес, ыстық тағамдар да дайындап үйренді.

 

ДЖИЛ БРАУН, ПЕДАГОГ

- Меніңше, қазақтың ұлттық тағамдарын пісіру оңай, дәмі тіл үйіреді. Қарапайым дайындалатын ас мұндай тәтті болады деп кім ойлаған?!

Бұрын-соңды жылқының етін жеп көрмеген британдықтар қазының дәмін ұнатып қалды. Британдықтар қазақ тағамдарын өте құнарлы санайды. Бірақ Қазақстанға келгенде толық адамдарды көп кездестірмегендеріне аң-таң. Ағылшындар мұны жылқы етінің құрамында ағзаға күш-қуат беріп, семіздікке апармайтын цинк пен протеиннің көптігінен деп топшылайды. Нағыз қазақтар сияқты ас әзірлеп үйренсе де оларға кейбір сөздерді айту оңайға соқпайтын сыңайлы.

 

Кешкі астан кейін ағылшындар тағы да таң қалдырды. Аспазшылардың бірі, үйдің ақсақалы қазақ тілінде бата берді.

 

ЙЭН ТОМАС, ЗЕЙНЕТКЕР

- Сұрасаң бата берейін, Үстем болсын мерейің, ықыласпен қол жайсаң, Ақ тілекті төгейін. Әмин. Наурыз құтты болсын!

 

Британдықтардың қазақ дәстүрлерін меңгеріп алғандары соншалық кетерде қонақтарға сарқыттан салып беруді де ұмытқан жоқ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер