«Қазақ Елі» анимациялық фильмі Каир қаласында өтіп жатқан оныншы Халықаралық анимациялық фильмдердің форумына қатысып «Ең үздік толықметражды фильм» жүлдесіне ие болды. Сонымен қатар, картинаның композиторы Руслан Шынықұлов және фильмнің әуенін жазуға қатысқан музыкант Жанболат Әділов құрмет дипломдарымен марапатталды. Айта кететін жайт, анимациялық кинотуындының халықаралық кинофестивальдерде көрсетіліп, кеңінен насихатталу жұмыстарын Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жүзеге асырады.

Естеріңізге сала кетсек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «САҚ-дала» ЖШС түсірген «Қазақ елі» анимациялық фильмі өткен  жылы мамыр айында көпшілік назарына ұсынылып, кинотеатрлардан көрсетілген болатын. Жасалуында 2D және 3D-технологиялар пайдаланылған аталмыш туынды болашақ хандар – Жәнібек пен Керейдің балалық шағы мен есею жылдары туралы баяндайды. Фильмнің жарыққа шығуына атсалысқандар қатарында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбай және белгілі жазушы Дулат Исабеков те бар. Картинаның режиссері – Батырхан Дәуренбеков.

Фильм шетелде көрсетіліп, жоғарғы бағасын алып жатқанына өте қуаныштымын. Осындай жеңістер алдағы күнге деген сеніміңді арттырып, жаңа белестерді бағындыруға шабыт береді. Фильмнің түсіру тобын осы жеңіспен құттықтаймын,-деді фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков.

Халықаралық анимациялық форумы жыл сайын Мысыр астанасы Каир қаласында ақпан айында өтеді. Фестивальдің ұйымдастырушылары – Мысырдың мәдениет даму қоры және анимация қауымдастығы. Байқаудың басты мақсаты – анимациялық фильмдерді қолдау, тәжірибе алмасу және жас режиссерлардың көркем және техникалық білімдерін арттыру.

Биыл форум шеңберінде Германия, Швейцария, АҚШ, Қытай, Ресей, Австралия, Қазақстан, Франция, Сингапур, Словакия, Австрия, БАӘ, Оңтүстік Корея сынды басқа да елдерден келіп түскен 90-нан астам қысқаметражды және толықметражды фильмдер ұсынылған. Толықметражды анимациялық фильмдерге баға беріп, ең үздігін анықтаған қазылар алқасының құрамына Аббас Әл Аббас (төраға), Тарек Рашад және Сами Рафи кірді.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер