Ғасырға жуық тарихы бар қазақтың «Қыз Жібек» спектаклі бұл жолы көпшілікке таныс  дәстүрлі нұсқасынан өзгешерек. Ұлттық опера өнерінің жауһарына айналған шығарманың түп мағынасы сақталған. Мәңгілік махаббат тақырыбы арқылы халқымыздың  құндылықтары дәріптеледі.  Тек заман ағымына сай музыкалық әрлеуі басқа. Беларусь режиссері Михаил Панджавидзе туындыны әлемдік стандартқа сәйкестендіріп, шетелдік көрермендер үшін жақындата түсуге тырысқанын айтады.  

МИХАИЛ ПАНДЖАВИДЗЕ, РЕЖИССЕР /БЕЛОРУСЬ/:

ЮНЕСКО қазақ фольклорының бұл шығармасын адамзаттың мұрасы етіп таныды. Алайда «Қыз Жібек» бүгінге дейін музыкалық драма еді. Біз туындының диалогтарын вокалдық партитураға алмастырдық. Енді ол барлық қағидаттарға сай толыққанды кәсіби операға айналды. Бұдан былай «Қыз жібек» шетелдік театрлар үшін қолжетімді болды.

Әңгіме түріндегі жарты сағаттық қара сөздерді белгілі қазақстандық дирижер Абзал Мұхитдинов  нотаға түсірген.  Нәтижесінде кей көріністер толыға түсті.

АБЗАЛ МҰХИТДИНОВ:

Жаңа речитатив пайда болды, ешқашан ертеде болмаған Базарбаймен Бекежанның дуэті. «Керуен» тақырыбының үстіне мен Төлегеннің тақырыбымен бірге Жібектің зарын қостым. Осының бәрі бірігіп, ананың жоқтауы  болып шықты.

Жаңаша сиппаттағы операда алғаш рет балалар хоры өнер көрсетті. Сондай-ақ, тұпнұсқада бұрын-соңды болмаған қазақтың ұлттық аспаптары – домбыра, жетіген, керней, шаңқобыз бен қылқобыз симфониялық оркестрмен үндесе қолданылды.

Сахналық көріністерге барлығы 300 адам тартылыпты. Басты рөлдерді Жаннат Бақтай, Салтанат Ахметова, Медет Шотабаев және Мейір Бәйнешов сынды танымал артистер сомдады. Жібектің рөліне көп әнші бағын сынап көрген. Таңдау Қазақ ұлттық өнер университетінің шәкірті Назым Сағынтайға түсті.

НАЗЫМ САҒЫНТАЙ:

Осы кезге дейін мен осындай толық операда ойнамағам. Тәжірибем жоқ десемде болады. Лайық деп таңдағанына өте қуаныштымын. Либретасын , мғына-мазмұнын оқыдық, дайындалдық «Қыз Жібек» филімін көріп өскен буынбыз.

Аса жоғары талғаммен жасалған ауқымды декорация көздің жауын алады. Ұлы дала мен көшпенді тұрмыстық салтқа көне шеберлер қаласы мен зәулім сарайлар көрінісі қосылды. Сахнада жылқылар мен түйелер пайда болды.  Мыңнан аса қару-жарақ, қамыт сайман әзірленіп, 350 костюм тігілген. Соны үлгідегі техникалық мүмкіндіктер мен 3Д әсер көрерменін еріксіз орнына таңып, ғажайып күйге бөлегені сөзсіз.

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер