22-28 сәуір аралығында елордада Astana Piano Passion IV Халықаралық классикалық музыка фестивалі және жас пианисттер байқауы өтеді. Астананың тұрғындары мен қонақтары балалар музыкалық байқауының қазылар алқасы құрамына кіретін, әлем жұлдыздарының орындауында, фортепианолық өнердің сирек шығармаларын тыңдай алады, деп хабарлайды Астана әкімдігі.

Байқауға өтініш қабылдау байқаудың арнайы http://astana-app.kz/ru/ желісінде басталып кетті және ол 2017 жылдың 5 наурызына дейін созылады. Байқауға қатысу ережеларе өзгерген жоқ, «Astana Piano Passion» байқауында 18 жасқа дейінгі – бастауыш, орта және жоғарғы музыкалық білім мекемелерінде оқитын жас пианисттер сайысқа түсе алады.

Қазылар алқасының құрамы белгілі болды. Қазылар алқасының төрағасы Ресей халық әртісі, байқаудың көркемдік жетекшісі -Денис Мацуев, сондай-ақ, дәстүрлі түрде қазылар алқасының құрамында П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры Валерий Пясецкий бар. Қазылар алқасында Қазақстан жағынан төрелік ететін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубакірова және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұхамеджанов төрелік ететін болады.

Жыл сайын байқауға қатысамын деушілердің саны да артуда. Байқаудың жалпы жүлде қоры қайтадан $60 000. Байқаудың көркемдік жетекшісі Денис Мацуевтің арнайы жүлдесінің иегерлері «Crescendo», «Звёзды на Байкале» (Ресей) және француз қаласы Ансиде өтетін «Annecy Classic» халықаралық фестивальдеріне қатысады. Жеңімпаздар концерттермен Мәскеу Филармонияда, ЕХРО 2017 шеңберінде жоспарланған іс-шараларда және келесі «Astana Piano Passion» фестивалінде өнер көрсететін болады. Сонымен қатар, қазақстандық композитор шығармасын үздік орындаушыға дәстүрлі түрде арнайы сыйлық табысталады.

Байқаудың басты мақсаты – фортепиано өнеріндегі жаңа жұлдыздарды жарыққа шығару, талантты музыкант жастардың шығармашылық жолдағы бастамасында оларға қолдау көрсету, сонымен қатар, жас ұрпақ тәрбиелеуде маңызды рухани бөлік ретінде классикалық музыкканы насихаттау.

Байқауды ұйымдастырушылар - ҚР мәдениет Министрлігі және Астана қаласының әкімдігі. Атқарушы орган - Мәскеу филармониясының және Ресей Халық әртісі Денис Мацуевтің қолдауымен «Accordi di Astana» қоғамдық қоры.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер