Елордада романс кеші өтті. Отандық әншілердің орындауындағы көпке танымал шығармалар тыңдарманды бей-жай қалдырмағаны анық. Бағдарлама барысында ешқашан ескірмейтін романс жанрының алуандығы паш етілді. Поэзия мен әсем саз үйлесімді үндестік тапқан туындылар түрлі музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалды.

Кешке күміс ғасыр ақындарының шығармашылығы арқау болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы кездері ел жастары лирикалық жанрға бет бұра бастаған. Кейінгі толқын әсіресе махабат пен адалдық тақырыбына аса ынта танытатын көрінеді. Сондықтан бағдарлама әр буынды қызықтыратындай етіп құрылған.

РАУШАН БЕСКЕМПІРОВА, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ КОНЦЕРТМЕЙСТЕРІ:

Бұл концертті біз бірнеше бөлімге топтастырдық. Алдымен классикалық туындылар, кейін қазақ романстары орындалады. Кешті гитараның сүйемелдеуімен орындалатын әндер жалғастырды. Сондай-ақ, кинофильмдердегі танымал романстар шырқалды.

Қазақ сазгерлерінің терең ойға жетелейтін әуенді де әуезді туындылары көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.  

НАЗЫМ САҒЫНТАЙ, «ШАБЫТ» ӨНЕР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

Ескендір Хасанғалиевтің «Нұрлы таң» атты романсын орындаймын. Бұл романсты мен колледжде оқып жүрген кезімнен айтамын. Шығарманың ішіне кіріп образын аша білу,оның әрбір сөзін көрерменге жеткізе білу, оны оқиға айтқандай түсіндіре білу керек деп ойлаймын.

«Жанды баураған романс» атты концерттік бағдарлама «Астана Опера» театрында маусым бойы жалғасатын болады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер