Қазақ операсының жауһары «Біржан-Сара» қойылымы «Астана Опера» театрында сахналанды.

Өктем, тәкаппар, менмен, қызғаншақ. Вена консерваториясының түлегі өзінің кейіпкерін осылай суреттейді. Мәдина Исламоваға үлкен сахнадағы алғашқы рөлін сомау оңайға соқпады. Өйткені, әнші жағымсыз кейіпкердің бейнесін ашып, көрерменге жеткізу үшін іштей ұзақ дайындалғанын жасырмады. Театрға кіре салысымен Алтынай бейнесіне еніп, өзіне жат қылықтарды айталап, тер төгуге тура келген.

МӘДИНА ИСЛАМОВА, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ СОЛИСІ:

Алтынайдың бейнесі, ұстанатын өмірлік қағидасы мені таң қалдырды. Бойжеткен тік мінезді, ерекше қыз. Дегенмен оның өктем, тәкаппар мінезі оның махаббатын тұншықтырды. Ол қарсыласының талантты, дарынды, жүрегі кең, халқы сүйген, халқының махаббатына бөленген жан екенін түсінбеді. Мойындай алмады.

«Біржан-Сара» операсы театрдың бойтұмары десе де болады. Жақсылық пен жамандық, дарын мен көре алмаушылық, пайдакүнемдік қасиеттердің қақтығысы шебер суреттелген қойылым көптің жүрегін жаулап, өз көрерменін қалыптастырды. Шетелдіктердің өзі қойлымға жоғары бағасын берді.

НАТАЛЬЯ КАГАДИЙ, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ РЕЖИССЕРІ:

2014 жылы спектакль Ресейдің Санкт-Петербург қаласында сахналанды. Ресейліктердің құрмет-қошеметіне бөленді. «Біржан-Сара» қойылымы өткен маусымда көрерменге жол тартты. Содан осы маусымда алғаш рет шыққалы тұр. Бұл астаналықтардың сүйікті қойылымдарының бірі деп сеніммен айта аламын.

Қойылым режиссері «Біржан-Сара» операсы жас дарындардың жолын ашады деген сенімде. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер