Астана циркінің артистері Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтарын ертегі әлеміне шақырды. Манежде Льюис Кэрролдың «Алиса айнаның арғы жағында» ертегісінің желісімен жаңа бағдарлама ұсынылды. Көңілді сайқымазақтар, әуе гимнастары, акробаттар, үйретілген жануарлар – барлығы бірлесіп, кішкентай көрермендерге ұмытылмас көңіл-күй сыйлады. Қойылымдағы бас кейіпкер –Алисаны дарынды гимнаст Йоко Қоңырбаева сомдады. Биылғы жылы оның штейн-траптағы эквилибр номері «Азия жаңғырығы» халықаралық фестивалінің гран-при жүлдесіне ие болды. Йоконың өзі манеж үстінде ертегіге жан бітіру үшін Алисаның роліне жан-жақты дайындалғанын айтады.

ЙОКО ҚОҢЫРБАЕВА, ЦИРК АРТИСІ:

Цирк –өте ерекше өнер, оны ертегімен үйлестіру үшін номерімді аздап көркемдеу қажет болды. Жалпы, бұл бағдарламада қызықты әрі мықты номерлер жетерлік.

Африкалық арыстандар қатысатын қойылым ең әсерлі номерлер қатарына жататыны сөзсіз. Оларды Мұхтар Өселбаев жаттықтырады. Өселбаевтар –жыртқыш мысықтармен жұмыс істейтін Қазақстандағы жалғыз әулет. Мұхтардың ерке әрі қауіпті жануарларды цирк өнеріне үйретіп жүрегіне 11 жыл болыпты.

МҰХТАР ӨСЕЛБАЕВ, ЦИРК АРТИСІ:

Қазақстанда арыстандармен бірінші болып жұмыс істеген – біз.  Бүгінгі күні осы бағытта табысты еңбек етіп, сәтті өнер көрсетіп келеміз.

Манеж үстіндегі ертегіде қауіпті номерлерден басқа, сиқырға толы қойылымдар, фокустар мен арнайы эффектілер пайдаланылды. Сондай-ақ, спектакль кезінде Алисаның шытырман оқиғаларына кішкентай көрермендер белсене қатысып отырды. Жаңажылдық қойылым Астана циркінде қаңтардың 9-ына дейін көрсетіледі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер