Париж, Германия, Мәскеу  аспанын әнге бөлеп, күллі әлемді тамсандырған қазақ орындаушысы әрі сазгер. Ұлттық театр актерлерінің көшін бастаған сегіз қырлы бір сырлы қазақтың біртуар ұлы Әміре Қашаубаев. Нар тұлғаның қамшының сабындай ғана қысқа да жарқын ғұмыры кесек сахналық қойылымға арқау болды. Елордада «Әміре» атты драмалық туындының тұсауы кесілді.

 

НҰРЛАН ЖҰМАНИЯЗОВ, ҚОЮШЫ РЕЖИССЕР: 

Қаншама жылдар бойы жабылған қазан ретінде қалған Әміре Қашаубаев туралы үлкен бір дүниеге қайтадан үңіліп, өз-өзімізді түгендей бастадық. Біз өткенге орала отыра, келешегімізге зор үміт білдіретін тірлік деп ойлаймын. Жоғымызды түгендеу - бұл ең басты тәуелсіздігіміздің әкелген тірлігі.

 

Жоғарғы тенор дауысты Әміре 1925 жылы Франция елінде өткен бүкіләлемдік байқауда қазақтың қара домбырсымен дәстүрлі халық әндерін тамылжыта шырқап,  Еуропаға паш етті. Кейін кәрі құрлықтың басылымдары  сирек кезігетін ерекше дауысты дарын иесі жайында жарыса жазды. Оның шығармашылығы талай халықаралық ғалымның зерттеуіне енді.  Драмалық туынды бас кейіпкер бастан кешкен сынақтар туралы да сыр  шертеді.

 

ҚАСЫМХАН БҰҒЫБАЙ, АКТЕР:

Бұл рөлді сомдау өте қиын болды. Ең біріншіден дауыс ерекшелігі. Әміре өте ақкөңіл, ақжарқын адам болған. Спектакльдің бірінші жартысында Әміренің аңқылдаған ақкөңілдігін көрсетеміз. Ол жазықсыз жазаланды, екінші жағында оның драмалық жағы бейнеленеді.

 

Жаңа қойылым көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер