Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған шаралар жалғасуда. Елордада «Астана Опера» театрында мерейлі мерекеге орай концерт өтті. Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірова мен дирижёр Дориан Уилсонның жетекшілігіндегі симфониялық оркестр өнер көрсетті. Көрермен назарына алдымен Тілек Қажығалиевтың «Дала аңыздары» атты танымал музыкалық шығармасы ұсынылды. Сондай-ақ, бұл кеште Рахманинов, Чайковский, Прокофьев сынды әлемдік классика шеберлерінің туындылары орындалды. 

 

Жәния ӘУБӘКІРОВА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ АРТИСІ:

Мен биыл қатарынан екінші жыл осында өнер көрсетіп жатырмын. Осы жерде менің және Айман Мұсақожаеваның шәкірттері де отыр. Олардың көбі оркестрда түрлі аспаптарда ойнайды. Осының өзі маған бір шабыт сылайды.

 

Ал Қызылордада суырып салма ақындар киелі тәуелсіздігімізді жырларына қосып, айтысты. Қазақстан, Қытай, Қырғызстан және Моңғолиядан келген азулы ақындар екі күн бойы сөз қағыстырды. Жыр бәйгесінің бас жүлдесі Сырдың төл ақыны Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Бірінші орын Алтайдың ар жағындағы қалың қазақтың ыстық ықыласын ала келген Ұларбек ақынға берілді. 

 

Ерлан ДӘУЛЕТҰЛЫ, АЙТЫСКЕР АҚЫН /МОҢҒОЛИЯ/:

Ақындар халықтың жүрегіндегі мәселелерді қозғап, елді әзіл-қалжыңмен тамашаға бөлеп жатыр. Осындай айтысқа өзім Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келіп қатысып отырмын. Өте қуаныштымын, кешегі Қорқыттар өткен, Нартайлар өткен тектілердің мекеніне келіп, дәм татып, айтысып қайтып. Бұл жерден бәйге алмасаң да, ұлы халықтың жүзін көріп, дидарын көріп қайтуда бір ұлы бақыт деп ойлаймын.

 

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында 25 судья Қазығұрт тауына шығып, көк туды желбіретті. Теңіз деңгейінен 1 мың 768 метр биіктікте жатқан асуға жас судьялармен бірге елуді еңсерген ел ағалары да көтерілді. Судьялар «осылайша Қазақ халқының Тәуелсіздік жылдары жүріп өткен жолы мен бағындырған асуын көрсеткіміз келді», - дейді.

 

Нұрсерік ШӘРІПОВ, ОБЛЫСТЫҚ СОТТЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Еліміздің Тәуелсізігіне ерекше көңіл бөліп, шыққан биігін жасампаз Қазақстанның әлемге танылғанын, соның ішінде Елбасының ерекше еңбегін атап өтіп, жалпы бұқара жұрттың Отанға деген сезімдерін арттыру, табиғатқа ерекше көңіл бөліп, экотуризм мәселесін, салауатты өмір салтын насихаттауға арнап отырмыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер