Алдағы жылы Қазақстан мультипликациясы жарты ғасырлық мерейтойын атап өтеді. Қазақтың алғашқы мульфильмі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» туындысын режиссер Әмен Қайдаров 1967 жылы түсірген.  Ол Нью-Йоркте өткен Халықаралық анимациялық фильмдер сайысында жүлдегерлер қатарынан көрініп, әлемнің 48 елінде көрсетілген. Арада ондаған жыл өтсе де, фильмді үлкен де, кіші де көреді. Аға буын балалық шақтың жарқын көрінісі ретінде сағынышпен еске алса, балалар мейірімді мультфильм ретінде тамашалайды.

 

50 жылдық мерейтойын отандық мульфильм жасау өндірісі жаңа премьералармен атап өткелі тұр. Келесі жылы жас көрермендерге арналған «Мұзбалақ» толықметражды мультипликациялық фильмі экранға шығады. Адам мен бүркіттің достығы туралы мультфильмнің премьерасы 2017 жылдың тамыз айына жоспарланған.

 

 

Тұрдыбек МАЙДАН, «МҰЗБАЛАҚ» МУЛЬТФИЛЬМІНІҢ РЕЖИССЕРІ:

Бүркітті қолға үйрету барысы. Содан кейін табиғатқа деген біздің бабалардың құрметі, махаббаты. Сол сияқты жасөспірімдерге беретін көптеген ішінде қызықты терең ойлар бар. Оның барлығы фильм барысында бұйыртса экранда көрсетіледі.

 

Сондай-ақ, «Қазақфильмде» «Күлтегін» толықметражды мультфильмінің дайындық жұмыстары басталды. 2018 жылы экранға жол тартатын жоба Түрік қағанатының тарихына арналған. Бұл – отандық аниматорлардың мемлекеттілік тақырыбындағы алғашқы туындысы емес. Бұған дейін Қазақ хандығының құрылу кезеңін баяндайтын мульфильм түсірілген болатын.

 

«Қазақ елі» атты толықметражды анимациялық фильм жақында Қытайда көрсетілді. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толуына орай біздің елшілік Бейжіңде тұрып жатқан қазақстандық отбасылардың балалары үшін осындай игі шара ұйымдастырды. 1 сағаттық тарихи туындыда Қазақ хандығының құрылу кезеңі суреттеледі. Бала көңілін бірден баурап алатын оқиға балғындарды батырлыққа баулиды. Тәрбиелік мәні зор туынды тарихи деректерге негізделген. Бүлдіршіндер қазақша мультфильмнен ерекше әсер алғанын айтады.

 

ӘМІР ШАХИЗАТ:

Қазақ хандығы үшін, Қазақстан үшін соғысты. Мен өскенде сондай батыр болғым келеді Керей мен Жәнібек хандар сияқты. Мен барлық балаларды осы мерекемен құттықтаймын!

 

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» картинасынан «Қазақ елі» анимациялық фильміне дейін. Осындай даму жолын жүріп өткен қазақ анимациясы қазір өрлеу үстінде. Соңғы жылдары жаңа технологиялар қолдану арқылы жасалған «Ер Төстік және айдаһар», «Ақ қаз», «Мұңлық – Зарлық», «Аңшы» және т.б. мультфильмдер көрерменге жол тартты.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер