Новосібір мемлекеттік академиялық опера және балет театры елорда тұрғындары мен қонақтарына тарту жасады. Көрші елдің артистері«Астана Опера» театрының сахнасында Джакомо Пуччинидің «Турандот» өшпес туындысын қойды. Қойылым бұл жолы дәстүрлі түрінен өзгешелеу. Алайда әсері жағынан еш кем түспейді. Әлемдік классиканың жауһары саналатын шығарма алғаш рет опералық квест түрінде сахналанып отыр. Заманауи мәнердегі спектакль партия орындаушыларының  арасында сұрақ-жауап қою арқылы құрылған. Мәселен, бас кейіпкер өзінің жүрегін жаулауға құмар жандарға жұмбақ жасырады. Жауабын таппағандарды өлім жазасына кеседі. Турандот ханшайымы сауалының өзегін тек Калаф есімді жас ханзада таба білді.  

 

Владимир КЕХМАН, НОВОСІБІР МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Қазір біз Новосібір театрында бірнеше жаңа формат енгізіп жатырмыз. Солардың бірін «Астана Опера» сахнасында көрсетіп отырмыз. Мұндай сипаттағы қойылымды тамашалайтын көрермен өзін сахнада болып жатқан іс-қимылға қатысып отырғандай сезінеді. Біз оны операға жастар қауымын тарту үшін қолданып отырмыз.

 

Жаңа сипаттағы 3 актілі опера көрермендерін терең мазмұны, сахнаның безендірілуімен еліктіре алды. Оның тағы бір ерекшелігі – оқиғалар желісінің шарықтау шегін режиссер өзінің қөзқарасында ұсынып отыр.

 

Вячеслав СТАРОДУБЦЕВ, РЕЖИССЕР:

Біздің қойылымның соңы өзге нұсқаларына мүлдем ұқсамайды. Бас кейіпкерлердің жүректері тоғысып, ұлы сезімге бөленеді. Осылайша, драмалық спектакль махаббаттың жеңіске жетуімен аяқталады.  

 

Жаңа туынды премьерасының Астанада өтуі кездейсоқ емес. Қойылымның көрерменге жол ашуына  Қазақстанның суретші сценографтары үлкен үлес қосыпты. Декорация мен артистердің киімдері де отандық мамандардың қолынан шыққан. Ал Новосібір театры елордада бұған дейін де өнер көрсеткен. 2014 жылы ұжым «Түнектегі сыбыр» балетін дәл осы сахнада қойған болатын.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер