Ұлы дала өсиетіне айналған «Алпамыс батыр» – қазақ халқының ауыз әдебиетінде ерекше орын алатын жыр. Елордада көне жауынгерлік эпостың желісімен құрылған «Аманат» спектаклінің тұсауы кесілді. Қайсар батырлықтың аңызы мың жылдық асудан өтсе де, халық жүрегінде орны бөлек. Ғасырлар қойнауынан мұра болып жеткен бұл тарихи дерек түрлі нұсқаларда жарық көрген еді. Жаңа қойылымның ерекшелігі орыс тілінде сахналануында болып отыр. Қаһармандықтың жарқын үлгісін насихаттайтын туынды М.Горький атындағы драма театр ұжымының көзқарасында көрерменге жол тартты. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын ұлықтауға арналған спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекболат Парманов.

 

Бекболат ПАРМАНОВ, ҚОЮШЫ РЕЖИССЕР:

Алпамысты сахнаға шығару арқылы әрбіріміздің бойымыздан табылатын ұлттық рух пен отансүйгіштік касиетті оятуды көздедік. Біз спектаклімізде эпостың қазіргі күндегі мән-маңызына, бүгінгі қоғамға беретін тәрбиелік мәніне үңілдік. Бір сөзбен айтқанда, «Алпамыс батырда» айтылатын ойды орыс тілді көрермендерімізге жеткізуді парыз санадық. Әсіресе жас ұрпақтың санасына қойылым баяндайтын құндылықтарды сіңіру. Алпамыс – осы мақсатқа жетудің бетке ұстар үлгісі».

 

Буы басыла қоймаған қойылымның тағы бір ерекшелігі – орыс драма театрының ұжымы қазақ мәдениетін барынша насихаттауға тырысып бақты. Актерлер орындаған халық әндері мен тұрмыс-салт жырларын көрермендер ерекше ықыласпен тыңдады. Сахна саңлақтары «Туған жер» сынды әндер мен «Жоқтауды» алып шыға білді.

 

Жаңа туындыда Алпамыс батырдың бейнесін сомдау Максим Ященкоға бұйырды. Гүлбаршынның рөліне жас актриса Наталья Маштакова таңдалды. Жалпы, бұл қойылымға қатысқан актерлердің көбісі – кейінгі 4-5 жылдың көлемінде Қазақ ұлттық өнер университеті түлеткен жастар.

 

Максим ЯЩЕНКО, АКТЕР:

Басты рөлді сомдауға бар жауапкершілікпен қарадым. Дайындық аса қызу өтті. Өйткені, сол кездің тыныс-тіршілігін шынайы жеткізу оңай іс емес. Көрермен өткенге саяхат шеккендей әсерде қалуы тиіс. Сондықтан тарихи деректерге сүйеніп, бар мәліметті пайдаға асыруға тырыстық.

 

Алпамыс туралы аңыз – түркі тілдес халықтардың барлығына ортақ әдеби қазына. Алпамыс тұлғасы, оның жауынгерлігі мен әділет жолындағы күресі – Тәуелсіз Қазақстанның рухын айшықтайтын бірден-бір дәлел.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер